ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ІСТЕРІ

Пайғамбар жасынан асқаннан кейін өткен өміріңді зерделей отырып,  бүгінгі  күндеріңді ой елегінен өткізіп, ауылдың тыныс- тіршілігіне көз жүгіртесің, жасалып жатқан игі істерге қуанып, бойың бір сергіп қалады. Әрине, біз жасымыз келгеннен кейін, кейінгі ұрпақ­тарымыздың дұрыс азамат болғанын тілейміз. «Жақсының жақ­сылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Жаңақұрылыс ауылдық әкімшілігі жанынан құрылған Жастар ұйымының жарқын істерін көпшілікке айтуды жөн көріп, қолыма қалам алдым. Жақсы істерді айтпас бұрын, жас буынға тәрбиелік мәні бар сөздерді айтып кетуді мақұл көрдім. 

Қазір отбасында ата-аналар жас­тарға үлкен кісілерге кездескенде өзің бұрын сәлем бер, кездескен адам­дармен сәлемдесуді дағдыға ай­налдыр, олардың алдынан кесіп өтпе, алдына түспе, үлкендердің ықыласы мен батасын, ризалығын алуға тырыс, жұрт алдында әдепті бол, жақсы мінез-құлқыңмен өзге­лерге өнегелі әсер қалдыр, көптің ортасында өзім білермендікке са­лынба, дөрекі мінез, дөң айбат көрсетпе, қайырымды, мейірімді, кішіпейіл, кешірімді, ата-анаң мен ел жұртыңа, отаныңа адал бол деген тәрбие сөздерін қайталап айтса деймін. Жас буын, жас шыбықтай иілгіш те, жазылғыш та болады, жақсы сөз, жақсы тәрбие алған бала дұрыс өседі, келешегі кемел болады. 

Отбасында да өзіңе ұнамаған жан туралы балалардың көзінше әңгіме қылудың қажеті жоқ, жаман сөзді есітіп өскен бала, сол адамды жек көреді, онымен қоймай, қатар баласы болса, сонымен кектенеді, достығы ажырайды. Қайта жек көрген ада­мың болса да оның жақсы жағын айтып отырсаң, ол үлкен сауап және балаларыңа   жақсы тәрбие деп біле­мін. Іштарлық, қызғаншақтық, көре­ал­маушылық опа бермейді. Әрине ақыл айтудан аулақпын, өмірден көрген-білгенімізді және үлкен абыз ақсақалдардан естігені­мізді кейінгі ұрпақтарға айту – парызымыз. Осын­дай ұлағатты сөздерді есітіп, ата-аналарының қабақтарына кір шалдырмай ауылдың мақтанышына айналған ауыл жастарының ауы­лына жасаған игі-істерін тілге тиек етпекпін.

Жастар ауылдың тыныс- тіршілігіне, қандай жұмыстар бол­масын, белсене араласып келеді. Әрине, біз оған алғысымызды айта отырып қуанамыз. Мысалы, ауыл ішін­­де әкімшілік ғимаратының алдында үлкен саябақ ашып, 180 түп тал егіп, жолаушыларға автобус күте­тін жаңа аялдама салып берсе, өткен жылы, ауылға кіреберіс жерге, көрнекті арка орнатты, биыл ауыл ортасындағы паркке орналасқан Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға қойылған ескерткішті заман тала­бына сәйкес жаңартып салу­ды жос­парлап отыр. Бұл ай­тылған нәр­сенің бәрі қаражатсыз біт­пей­ді. Жастар өздері қаржы жинап, әр жылда туған жеріне бір игі іс жасауды жоспарлаған. Биыл Наурыз мерекесінде ауыл жастары тағы да ұйымшылдық танытты. Жуырда өмірден өткен ата-бабаларға арнап орталық «Өтеш ахун мешітінде» ас берді. Жастардың осы жарқын істері көпке үлгі боларлықтай.

 

Сердалы ШАЛБАЕВ,

                  Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер                                                                                 кеңесінің төрағасы. 

Арал ауданы.

Әлеумет 21 маусым 2018 г. 1 126 0