ЗИНАҒА ЖОЛАМА

Иә, Ұлы Жаратушы Алла Тағала пендесіне «зина жасама» деп емес, «Зинаға жоламаңдар» деп әмір етті. Осы әмірді бүгінгі ұрпақ, бүгінгі қоғам мүшелері қандай деңгейде орындап жүр? Айналамыздағы құшақтасқан қыз бен жігіт, азаматтық некеде өмір сүретін жастар біз үшін таңсық болмай қалды. Түрлі сылтаулар айтып, өздері саналы түрде күнәға барып, ақталатындар да жетерлік.
Олар мұншалықты күнәні арқалап жүргендерін өздері сезінсе бұлай жасамас еді.Зинаның адам баласына артар күнәсі мен осы дүниеде және ақыретте көрер азабы зор болмақ.
Төмендегі мысалды мақаламызға тиек етсек:
Бір күні жас жігіт Пайғамбарымыздың құзырына келіп: «Мен зина еткім келеді», – деп ойын ашық түрде білдіреді. Пайғамбарымыз оның пиғылын білген соң, қасына тізерлеп отыртады да:
– Сенің анаңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?, – деп сұрайды. Жігіт: – Жоқ, қаламаймын, – дейді. Пайғамбарымыз: – Әпкеңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?, – деп екінші сұрағын сұрайды. Жігіт тағы да: – Жоқ, қаламаймын, – деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Олай болса, сен де өзіңе қаламаған нәрсені өзгеге жасама», – деп бұйырады.
Осы насихат айтылғалы адамзат баласы қаншама замандарды басынан кешірді. Мақалаға арқау болған бұл жаман қылық, арсыз әдет турасында бұрындары дәл бүгінгідей көп естіп немесе көре бермейтінбіз. Тіпті Кеңес үкіметінің бұғауында болып, ата-аналарымыз атеистік көзқараста болуға мәжбүр болса да бұндай сорақылық көп орын ала бермейтін.
Бұл мәселенің орын алуына қоғамда бірнеше себептерді атап өтуге де болады. Әлеуметтік желілер, интернет ресурстар, батысқа еліктеушілік секілді түрлі себептер адасушылыққа, жат қылықтарға алып келуде.
Жастар арасында «азаматтық некені» сылтаурытап жаңаша күн кешу, некесіз балалардың көбеюі, ажырасқан әйелдердің көбеюі негізінен – имандылыққа бет бұрмай, Алланы толық танымағандықтан да орын алуда деуге болады.
Қазіргі қоғамның дерті – жартылай жетімдердің саны артып, жалғызбасты аналардың көбеюі болса, оған себеп осы ашық жеңіл жүрістен, зинақорлықтан бас тартпағандықтан, оған жеңіл қарап, жол бергендіктен деп білемін.
Жалпы, адам баласына таңдау құқығы берілген.  Яғни, харам мен халалды, обал мен сауапты, жақсы мен жаманды айырарлық ақыл мен сана берілген.
Сол себепті, тек жақсылықты үгіттеп, зинақорлықтың жайылуына жол бермеу керек.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ақырзаман жақындаған уақытта адам болмысына жат қылықтардың көбейіп, арсыз әрекеттердің кеңінен етек алатындығын айтқан екен.
Демек, зинаның жайылуы ақырзаман белгісінен саналады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «...әйел адам күндіз жария түрде жолдың ортасында ойнастық жасамайынша қиямет болмайды.
Бұған ешкім қой демейді және мұны өзгертпейді де.
Сонда олардан ең жақсысы: «Мына жолдың шетіне шықпайсыңдар ма?» деп ғана айтады. Олардың арасындағы мұндай кісі сендердің араларыңдағы Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардай (р.а.) болады», деген.(әл-Хакимнен жеткен хадис).
Олай болса,мұсылман баласы ретінде бір-бірімізді жамандықтан тиылуға шақырып отырсақ, оның өзі баға жетпес үлес болып табылары сөзсіз.
Осы арада  әрбір дене  мүшесінің өзіне тән зинасы болатынын да ұмытпаған жөн.
Көздің зинасы – харамға қарау, құлақтың зинасы – әдепсіз (ұятсыз) сөз тыңдау, тілдің зинасы – балағат (ұятсыз сөздер) айту, қолдың зинасы өзіне халал болмаған әйелді ұстау, аяқтың зинасы – күнә болған жерлерге бару.
«Нұр» сүресінің 30-аятында: «(Әй, Мұхаммед!) Мүмін ер кісілерге айт (бөгде әйелдерге қарамай) назарын төмен салсын, әуретін ашпасын, зинадан сақтасын. Бұл олар үшін ең лайықты іс-әрекет. Анығында Алла олардың не істегенінен толық хабардар» делінген.
Мұрынның да зинасы болады. Иіссу себініп сыртқа шыққан және сепкен иіссуының иісін білдіру үшін бір топтың жанынан өткен әйелге және оған қараған (оның иісін иіскеген) адамға зина күнәсі жазылады.
Бүгінгі интернет желілері, жалаңаш денелер суреттері жарияланған газет-журналдар, ақпарат көздері, кейбір анайы хабарлардың барлығы адамды зинаға итермелейтін дүниелер екенін де ұмытпайық.
Бізді Жаратқан Алла, бізге ненің зиян, ненің пайдалы екенін біледі емес пе? Әр адамның өзін харамнан сақтау өз қолында.
Кезінде, халифа Омардың тұсында жер сілкінгенде, ол (Алла оған разы болсын): «Ей, адамдар! Бұл жер сілкінісі сендердің жасаған бір күнәлі істеріңнен болды. Жаным қолында болған Алламен ант етейін, егер бұл сілкініс қайталанса, сендермен бірге бұл жайда ешбір тұрмаймын» деген екен.
Олай болса, бүкіл қоғам үшін де зиян келтіретінімізді естен шығармайық.
Нұржан Керімбеков,
Қызылорда қалалық
«Айтбай» мешітінің бас имамы.
Әлеумет 27 сәуір 2018 г. 142 0