Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау саласында атқарылған шаралар

Қызылорда облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының негізгі функционалдық міндеті - облыс аумағында жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдары - Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзушылықтардың iс жүзiнде жойылуын, мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының жер заңдарын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына, жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
Осы бағытта, Қызылорда облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасымен 2017 жылы, облыс көлемінде бақылау шараларымен жалпы көлемі 273355,8 гектар жер учаскелері қамтылып, нәтижесінде көлемі 30087,2 гектар жер учаскелерінде 439 заң бұзушылық деректері анықталды. Орын алған құқық бұзушылықтарға Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде көзделген баптармен 189 дерек бойынша 36695402 теңге айыппұл, 154 дерек бойынша ескерту түрінде әкімшілік жазалар қолданылса, 96 дерек бойынша заң бұзушылықты жою туралы нұсқамалар берілген.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92 - 94 баптарына сәйкес, жер учаскелерін мақсаты бойынша пайдаланылмаған (игермеген), не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер пайдаланушылар мен меншік иелерінен мәжбүрлеп алып қою жөнінде сот органдарына талап - арыздар беріліп, бүгінгі күнге 2709,9 гектарды құрайтын 11 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жалпы жер - халық байлығы. Сондықтан оны қорғау, тиімді пайдалану, бүлдірмеу баршамыздың борышымыз екенін естен шығармау қажет.
Осы орайда, облыс аумағындағы жеке және заңды тұлғалар өз қызметінде Қазақстан Республикасы жер заңдылықтарының сақталуына аса мән беру қажеттігін назарға жеткізгіміз келеді.

Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының мониторинг сараптама және есеп бөлімінің басшысы Р.Баймаханов.
Әлеумет 08 қаңтар 2018 г. 136 0