ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Адамзат тарихында тәуелсіздіктің бақытына қол жеткізу жолында сан ғасырлар бойындағы азаттық үшін күрестің жан алысып, жан беріскен шежіресі жазылды. Тәуелсіздік... Осы бір айтуға оңай болғанымен, екінің біріне бұйыра бермейтін құдіретті де қасиетті құбылыс. БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, әлемдегі 7 мыңдай тілдің ішінде мемлекет болуға жараған 200 этнос бар. Біздің қазақ ұлты тәуелсіздіктің шынайы дәмін тату бақытына ие болған халықтың қатарынан орын алды. Яғни, бақытымызды баянды ете алған ұлт болдық. Тәуелсіздік жариялаумен ел рухани көтеріліп, ұлттың намысы алаулай жанғаны есімізде. Дәл сол күні құдіреті күшті жаратушы иеміз қазақ ұлтын  қолдады. Осы Тәуелсіздік жайлы қаншама жазылды. Ал Мұхтар Әуезов маңызды мәселелер туралы «осы сендер ой айттық қой, жаздық қой» дейсіңдер, қайталап айтып отыру керек, үйдің төбесінен тамшылап аққан су – екеш су да іргеде жатқан қара тасты тесіп өтеді, қайталап айтып отырыңдар» деген екен. Сондықтан ұлттық қуанышымыздың әрбір сәті тәжірибеге, тағылымға, өнеге, тәлімге толы екенін ескеріп отырғанымыз жөн. Өйткені Тәуелсіздік зор бақыт екенін түсіну бар да,  ал сол бақытты сезіне білу  бар. Екеуі екі бөлек жағдай. Сондықтан да ұлттық идеологияның басым ұстанымы – тәуелсіздікті насихаттау болуы шарт.
Тәуелсіздік деп белгілі бір ұлттың немесе халықтың өз дербес мемлекетін құрып, шекарасын айқындап, елінің ішкі, сыртқы саясатын қалыптастырып, әлемдік қауымдастықта, теңдікте болуын түсінеміз.
Қазақ халқының өз азаттығының әрбір таңына куә болып келе жатқанының 26 жылдығын тойладық. Тарихтың қас-қағымдай уақытында Қазақстан үлкен саяси арнада өз мәртебесін мойындатты. Биылғы жылдың өзінде «EXPO-2017» көрмесін өткізіп, әлемдік шиеленіс нүктесі Сирия мәселесінің түйінін шешуде маңызды «саяси ойыншыға» айналды.
Елбасының «алдымен экономика, сонан соң – саясат» ұстанымымен өзін ақтады. Экономикалық даму арқылы саяси да әлеуметтік тұрғысынан қол жеткіздік. Бұл кезеңдегі негізгі мақсатымызды, қалай болғанда да мемлекет ретінде қалыптасуды жүзеге асырдық. Еліміздің даму дәрежесін бір ғана Сыр бойының көрсеткішінен көріп білдік.
Осыған сәйкес, мен жауапты басқармалардан алған бірнеше көрсеткіштерді мысал ретінде ұсынып отырмын. Сырдария өзенінің Қызылорда облысы көлеміндегі және «Шіркейлі» каналының бойында барлығы 18 көпір бар. Тәуелсіздік жылдары 14 көпір салынса, оның 10-ы «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспарының алғашқы бесжылдығында (2013-2017 ж.ж.) салынған. Сонда патшалық Ресей мен кеңестік билік кезеңінде бар болғаны 4 көпір салынғанын байқаймыз.  
2005-2013 жылдар аралығында 73 денсаулық сақтау нысаны іске қосылған. Ал, соңғы бес жылда 63 нысан халық игілігіне берілсе, 42 мекеме күрделі жөндеуден өткен. Білім саласы бойынша 2005-2013 жылдары 94 білім беру нысанының құрылысы аяқталған. 2013-2017 жылдары 90 нысан іске қосылып, 1-і жақында  пайдалануға беріледі.
Ең алғаш рет, облыс аумағын сұйытылған газбен қамтамасыз ету жобасын 2004 жылдан  жүзеге асырыла бастады.
2004-2013 жылдар аралығында «Қызылорда қаласының жылу қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» әлеуметтік жобасы аясында республикалық бюджеттен және «ҚазТранГазАймақ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында барлығы 15,8 млрд.теңге қаржы бөлініп, 1122 шақырым газ құбыры жүргізіліп, облысты газдандыру жобасы 33 пайызды құрады.
Жалпы 2014-2016 жылдары облыс елді мекендерін газдандыруға 28,8 млрд теңге қаржы бөлініп, газдандыру үлесі 33 пайыздан 63 пайызға көтерілді. Нәтижесінде 1460 мың шақырым газ құбыры салынды.  
2015 жылы Қазақстан Республикасында алғаш рет бір жыл ішінде облыстың бірден 4 аудан орталығы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосылып, 4 аудан орталығы және Байқоңыр қаласының тұрғындары көгілдір отын игілігін көруде (Жаңақорған кенті – 13 қазанда, Шиелі кенті – 16 қазанда, Әйтеке би кенті – 21 қазанда, Арал қаласы 29 қазанда табиғи газға қосылды). «Саратс» жобасы арқылы қазақтардың ғаламдық  деңгейдегі жобаларды іске асыра алатын ұлт екенін дәлелдедік. Атом қаруынан бас тарту арқылы біз ешкімнен қорқа қоймайтын, жоғары рухты халық екенімізді көрсеттік.  Ауыз толтыра айтар мысал жеткілікті.
Бірақ, біз барға қанағат қылып, тоқмейілсімеуіміз керек. Әйтпесе, көштің кері бұрылуын аңсайтын ақсақ түйенің кебін киеміз.  
Өйткені, Тәуелсіздіктің қарыштауына тұсау болар кері тартар жалқаулық, масылдық, мемлекетке телміру мәселелері күшеймесе, азаймауда. Абай ақын қазақты үш нәрседен, надандықтан, еріншектіктен, залымдықтан сақтандырады. «Білім-ғылымның жоқтығы надандықты туғызады, залымдық дұшпандықты, ал еріншектік талапсыздықты, жігерсіздікті, ұятсыздықты, кедейлікті туғызады» деп түсіндіреді. Сонымен бірге Абай: «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады, сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ» деген ең барып тұрған Құдай ұрған сөздер, – деп жазады. Бұның артында арам жолмен, масылдықпен табыс табу тұр. Қазір шетелдің бізге үйреткен демократиясы сиқының бірі   «ұсталмасаң, ұры емессің».  Пара алсаң да, ұрлық жасасаң да, салық төлемеу де ұрлық, тек ұсталмасаң болды. Ал, атам қазақ «бөтеннің ала-жібін аттама», «ұрлық түбі – қорлық», «ұрының арты бір тұтам»  деп «бәрінен ар жазасы ең ауыр жаза деп» малын да, жанын да  ар үшін құрбан етті емес пе?    Оның үстіне малды  атам қазақ,  «не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек» – деп тәрбие берді ғой. Бұл бүгінде де өзекті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың  облыста орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуды алдыңғы қатарға шығаруының сыры осында. Әшейінде, аулыңның иті  жаман десе, намыстан жарыла жаздайтын кейбір ағайындарда «жарлы болсаң, арлы болма» деген ұстаныммен масылдылыққа  бой ұрушылық белең алуда.  Осы тұрғыдан келгенде,  ұлттық намысымыз кемшін түсіп жатыр-ау. Әрқайсымыз «мемлекет маған не береді деп емес, мемлекетке пайдам тиюі үшін өзіме не істедім?» деген ұстанымға қол жеткізуіміз керек. Әкем марқұмның ең көп айтатын мақалы «Еңбек етсең ерінбей, тояды  қарның  тіленбей» еді. Әрбір адамның қолы аузына еркін жетуінің артында адал еңбек тұр. Сөйтіп бай-қуатты болуымыз керек. Халқы бай ел қуатты болатыны анық.
Тәуелсіздігіміздің бір тұғыры – ғылым-білім. Ұрпағымыздың жан-жақты білім алуына барымызды аямауымыз қажет. «Білімсіз күнің жоқтың» қасіреті алдымызда тұр. Басымызға іс түскенде бірінші Алланы ауызға аламыз. Ал ғылым-білім – Алланың бір сипаты. Сөйте тұра баланың біліміне ақшаны аяп, артында салфетка қалатын той-домалаққа, Абай айтқандай «боқ дүниеге» барғанда, ысырапшылдыққа белшеден батамыз.  Білімге салынған қаржы еселеп қайтады. Ал тойдан кейін кейбір кісілердің банктегі қарызы қалады. Аталарымыз «ысыраптың киесі ұрады» деп бекер айтты дейсіздер ме?  Ендеше, ысырапқа бармай, білім-ғылымға күш салайық.
Ендігі бір мәселе өзара күншілдіктен бойымызды таза ұстауымыз қажет. Барымызды күндемей,  жоғымызды түгендейік. Қазақта мынадай сөз бар: «Азап шеккің келмесе, күншіл болма». Қызғаншақтық пен күншілдік туралы біршама кітаптарды қарап шықтым.  Содан білгенім, қызғаншақ адам өзінің қолындағы бар нәрсені басқалардан қызғанады. Бар болғаны сол.    Бәріміз де пендеміз, бұны түсінеміз.
Ал күншіл өз қолындағы барды емес, қолында жоқ, бірақ басқаның қолындағының бәрін қызғанады.  Яғни, менде жоқ, сенде де болмасын деп қиналады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады.  Одан қайта, менде де болсын деп жұмыс жасамай ма? Дәстүрлі дінімізде айтылатын «жеті күнә» бар екен: күншілдік, қызғаншақтық, тәкаппарлық, ашушаң-ызақорлық, жалқаулық, қанағатсыздық, сезім құштарлығы. Осының ішінде ең бірінші тұрған ең ауыры, қауіптісі, зияны, озбыры, абыройдан жұрдай ететіні – күншілдік. Енді осыларға қарсы тұратын бізге керек жеті қайырымды қасиетті де көрсетеді: Ақыл-парасат, сабырлылық, әділдік, шыдамдылық, сенім, үміт, мейірімділік.
Тәуелсіздігімізге сын болар  келесі кесірлі мәселе – сыбайлас жемқорлық дерті. Жаһандық демократия қиялымен бойымызға сіңген батыстың қағидасы бойынша ұсталмасаң, ұры емессің. Халыққа тас лақтырып, еліңнен ұрлап, салықтан қашып, опасыз болсаң да бұғып, жасырынып қалсаң болды.  Өйткені оларда жеке бас мүддесі және адам құқығы мемлекеттен, ұлттан жоғары саналады. Біздегі елімізді жегідей жеп, тәуелсіздігімізді тұсап, адамын еркін аштырмай отырған жемқорлықтың негізгі тамыры осында жатыр. Осындай ел сенімін өз атындай ертіп мініп, өз тіршілігін бағып жүрген талай басшылар, ертең-ақ қайраткер атанып,  елге  ақыл айтары анық. Ар-ождан, ұят болмаған жерде қанағат әдірем қалады-ау шамасы. Ал адам бақыты қанағатында емес пе еді? Сонда байлықтың түбіне жете алатындай арды аттап құныққандар жолына түскендердің, іздейтіні қандай бақыт? Біз арды аттамай, барынша қанағат тұтып жүргендерді қолынан түк келмейтін әлжуазға санап, арамдықпен мал тапқандарды елдің «крутойы» балайтынға жеттік. Әлде  бізде адалдық аяққа тапталып, арамдық басқа шыққаны ма? Қазақтың «дүние жалған» деген философиясын қашан түсінеді екенбіз? Бұл дүниеде біз күлмеген ештеңе қалған жоқ. «Жемқорлықпен күрес» десе, күлетін болдық. Нұртөре Жүсіп осы бір жағымсыз құбылыстың арты  «парақорлық» деп жазып еді, Әлде, оны түсінер біздің парасатымыз «парасат» түсінігіне айналып кеткен бе?    
Жоғарыда айтылғандардың барлығы әрқайсымыздың тәрбиемізден, оның ішінде отбасылық, әулеттік тәрбиеге тікелей қатысты.
«Отан – отбасынан басталады». Сонда отбасылық жауаптылығымыз, тәуелсіздігіміз үшін жауаптылығымыз болып шығады. Кешегі ашаршылықта шаңырақтың отын өшірмеймін деп аналарымыз ер баланың амандығы үшін өзін де аямай, керек болса, қызын бір уыс нанға айырбастаған қазақ емес пе едік? Күні кеше ғана біреудің баласы ажырасса, бір-біріне сыбырлап ғана айтатын еді. Өйткені жамандық атын шақырмайтын, жұғады деп. Ал қазір ажырасуды мақтанып,  газет, телевизор, телефон бетінен түсірмейтін болдық. Соның кесірінен бір жылда үйленгендердің қомақты пайызы ажырасып кетуде.  
Бұл жерде ұлттық тәрбиенің орны ерекше. Дегенмен, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жаңа ұлттық мүддемізге қайшы келмейтін, жаңашылдықпен жаңғыртпай, жақсартпай қолданудың қаупін жоққа шығаруға болмайды. Бүгінгі заман ошарылып отыруды, тоқмейілсіп тоқырауды кешірмейді.  Қазір табысқа жеткен адамдарша өмір сүре білу, біреудің алдында қор болмай,  басқаның қадірін сыйлау арқылы өзіңді  сыйлата  білуді қолдайды.
Тәуелсіздіктің дамуының жаңа сатысында ар-намысымызды аяққа таптап, салтымызды мазақ қылған отарлық кездегі, кейінгі шетелден жұққан қанымызға жат әдеттерден тазаруға күш салайық. Ұлттық рухымызды, қайтпас намысымызды, арыстандай айбарымызды, көкбөрідей өрлігімізді,  баға жетпес қадір-қасиетімізді қайта түлетуіміз қажет. Қазіргі рухани   жаңғырудың мақсаты осы деп түсінемін. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
облыстық мәслихат хатшысы.
Әлеумет 23 желтоксан 2017 г. 214 0