ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫ

Жаңарған әлем бүгінгі күні экономикалық дағдарыс, қаржылық тұрақсыздық, әлеуметтік күйзеліс, лаңкестік, діни экстремизм сынды сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы ретте, қоғам мен адамның қауіпсіздігі қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі басты мәселе болып отыр. Қауіпсіздік ұғымы қоғам, мемлекет, табиғат және адам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Қазіргі уақытта адам мен қоғам өміріндегі ақпараттық және интеллектуалды үдерістерде діни сенім мен сананың рөлі едәуір өсуде.
Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық – мемлекетіміздің қарқынды және тұрақты дамуының негізгі тұғыры. Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялаған жылдар ішінде экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани салада зор жетістіктерге жеткеніне әлемнің көзі жетуде. Еліміздің руханият саласындағы басты ұстанымы дінаралық келісім мен төзімділік діни қатынастардың өзегіне айналды. Бұл еліміздің өркениеттік және жалпы адамзаттық құндылықтарға құрметпен қарайтындығын дәлелдейді.
Зайырлы ұстаным – адам мен азаматтың діни сенімін құрметтейді. Зайырлылық қағидаты мемлекет пен қоғам өміріндегі діннің қызмет ету саласын айқындап және реттейді. Сонымен бірге, зайырлылық бұл дінге қарсылық немесе дінсіздік емес, ол мемлекет пен дін қатынасын өркениеттік және азаматтық негізде үйлесімді арнада өрбіту.
Дін күрделі қоғамдық сананың формасы және әлеуметтік институт ретінде адамзат тарихымен бірге жасауда. Себебі дін адам мен азаматтың бостандығымен, құқығымен, дүниетанымымен және ұлттың мәдениетімен, құндылықтық ұстанымыммен байланысты. Дін әлеуметтік институт ретінде қоғам мен адам өмірінде нақты қызмет атқарады. Дін – әлеуметтік құбылыс ретінде адамдардың санасы мен мінез-құлықтарына ықпал етуші объективті фактор. Зайырлы қоғамда дін дүниетанымдық, реттеуші, ұйыстырушы, мәдени – шығармашылық, рухани-адамгершілік, т.б. қызмет атқарады.
Рухани дағдарысқа ұшыраған қоғамда саяси шиеленістер туындайды. Сол себептен елді рухани дағдарыстардан аман алып қалу, рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің алдыңғы қатардағы басты мәселелерінің бірі.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгінің объектiлерiне адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары; қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары; мемлекет, оның конституциялық құрылысы жатады. Олардың қауіпсіздігі қоғамдық, әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық, экологиялық қауіпсіздікке негізделген. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде, қоғамның тарихи, дәстүрлі, рухани және мәдени құндылықтарының сақталуын қамтамасыз ету бағыты айқындалады, ал Қазақстанның ұлттық қауіп-қатерлерінің біріне Қазақстан Республикасы халқының мәдени және рухани мұрасынан айырылуы жатады.
Аталған қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында мемлекет қоғамның тарихи-мәдени және рухани-имандылық құндылықтарын сақтауды, мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің серпінді дамуын, ішкі саяси тұрақтылықты және этносаралық келісімді нығайтуды қамтамасыз етіп келеді.
Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мүдделерiнің қатарында қоғамның материалдық және рухани-имандылық құндылықтарын сақтау мен еселей түсу мүддесі орын алған. Ұлттық мүдде қоғамның мәдени, діни, ғылыми, білім беру, ақпараттық, идеологиялық, психологиялық қауіпсіздіктерін қамтитын жүйелі, тұтас, жалпыға ортақ, бірегей рухани қауіпсіздік саласына жатады.
Рухани қауіпсіздікті тек діни немесе мәдени қауіпсіздік деп түсінуге болмайды. Оны ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы болып табылатын қоғамдық қауіпсіздіктің бір саласы ретінде қарастырған жөн. Рухани қауіпсіздік қоғамның заманауи руханиятының, тұлға, қоғам мен мемлекет мүдделерінің сақталғандығының, дәстүрлі рухани құндылықтардың, әсіресе тұлға, топ және көпшілік санасының сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғалғандығының жай-күйі болып табылады. Рухани қауіпсіздіктің объектілеріне ұлттық сана-сезім, қоғам өмірінің жалпыға ортақ дәстүрлері, мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатын қолдау қызметінде көрініс табатын ұлттың моральдық-психологиялық бірлігі жатады. Рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттың рухани құндылықтарын сақтап байыта түсуді көздейтін қоғамның барлық патриоттық күштері мен белсенді зиялыларының мақсатты түрдегі қызметі болып табылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыстар өтеді, кетеді, ал ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді ұлы құндылықтар ғана ғұмырлық» деген сөзін негізге ала отырып, ұлы құндылықтарымызды сақтап, жаңғырту әрі асқақтату бағытында тиімді қызмет атқару – бүгінгі заманымыздың талабы.
Рухани бірлігі жоқ ұлт геостратегиялық рухани кеңістікте қандай да бір дамуға, бәсекелестік танытуға қауқарсыз. Рухани қауіпсіздіктің маңыздылығын дұрыс түсінген жағдайда қазіргі қоғамның белгілі бір бөлігі арасында белең алып отырған рухани көзқамандық пен әлеуметтік енжарлықтан арылу мүмкіндігіне қол жеткізуге болады.

С.САХИЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қазақстан
тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, саяси ғылымдарының кандидаты.
Әлеумет 14 желтоксан 2017 г. 156 0