Нысандар сапасы саралаудан өтеді

Қатты желден облыс аумағында әлеу­меттік нысандардың шатыры ұшып, жа­рық сөніп қала беретін жағдайлар кездесіп қалады. Кеше болған төтенше жағдай­лардың алдын алу және жою жө­ніндегі комиссия отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы мәселені қатаң сынға алды.

Жыл басынан бері табиғаттың бұл құбылысы 4 әлеуметтік нысанның шатырын ұшырып әкеткен. Бірі – Тасбөгет кентіндегі «Наурыз» шағын ауданында 10 қаңтар күні болған жағдай. Жыл­дамдығы секундына 18 метрге жеткен желдің кесірінен көпқабатты үйдің төбе жабындысы ұшып кетіп, 1 адамның денсаулығына зиян тиді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының мін­детін атқарушы Асқар Төлешовтің айтуынша, келесі келеңсіздік Қармақшы ауданының орта­лығындағы №121 орта мектепте тіркелді. Сол күні жел секундына 27 метр жылдамдықпен ұйытқи соғыпты. Төтеншеліктер критерийге сәйкес келмейді деп 2 деректі есепке алған жоқ. Мұның себебін мамандар жел жылдамдығының соншалықты күшті бол­мағанымен байланыстырып отыр.

– 7 маусым күні Шиелі ауданының Қоғалы ауыл­дық округіндегі №228, 18 маусымда Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылындағы № 29 орта мектеп ғимараттарының шатыры зақымдалды. Талап бойынша қайсыбір ғимараттың болмасын, шатыры секундына 25-30 метр жылдамдықпен соғатын желге шыдас беруі тиіс – деді Асқар Төлешов.

Статистикалық мәліметке қарағанда, былтыр 6 әлеуметтік нысанның төбе жабындысы бүлінген. Келеңсіздіктердің көбі мектептерге тән.

– Осының бәрі тиісті басқармалардың құрылыс сапасына немқұрайлы қарауынан. Кемшіліктер қайталана беретін болса, оған жол беріп отырған құрылыс компанияларына неге лицензия беру тоқтатылмайды?! – деген аймақ басшысы жауапты ме­кемелерге соңғы 5 жылдың үлесіндегі әлеуметтік объектілердің қалай салынғанын тағы бір електен өткізуді тапсырды.

Одан кейін «Қызылорда электр тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев жарықтың болмашы жағдайда сөніп қала беруінің себебін түсіндірді.

– Электр желілерінің 70 проценттен астамының тозығы жетіп тұр. Бірақ біз қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Жылда компанияның қаржысы есебінен белгіленген көлемде желілерді біртіндеп күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіп келеміз, – деді ол.

Қаладағы әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлердің 30 процентін жылумен қамтамасыз ететін Қызылорда жылу электр орталығының да жағдайы сын көтермейді. Оған апатты жағдайда екендігі және күрделі жөндеуді қажет ететіні туралы қорытынды берілген.

– Ұзақ уақыт пайдалану салдарынан ғимараттың шатыры тесіліп, қабырғалары сөгіле бастаған. Іске қосылғаннан бері ғимарат пен оның инженерлік- коммуникациялық жүйелері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген, қайта жаңғыртылмаған. Орта­лықтың қауіпті жағдайы оған қосылған объектілер мен үй-жайларды кез келген уақытта жылусыз қал­дыруы мүмкін, – деді облыстық жұмылдыру дайын­дығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.

Облыс әкімі жылу мекемесінің ескірген ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, қыстың көзі қырауда халықты әбігерге түсірмеу мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді.

Комиссия отырысында Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасына қарсы жүргізілген көктемгі залалсыздандыру шараларының нәтижесі де сөз болды. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы осы ретте қолайсыз аймақ ретінде 127 елді мекен анықталғанын, залалсыздандыру жұмысы 2 сәуір-17 маусым аралы­ғында жүргізілгенін айтты.

– Жыл басынан бері Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасына шалдығуы мүмкін деген күдікпен 6 адам ауруханаға жатқызылды. Деген­мен, зертханалық сынама нәтижесі күдікті жоққа шығарып, күмәнді сейілтті, – деді Асылбек Шәменов.

Соңғы уақытта республикада белең алған аса қауіпті менингококк инфекциясының қауіптілігі, аймақтағы жағдай жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова баяндады. Еске салсақ, 31 мамыр күні Жаңақорған ауданында ауру инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 27 жастағы жігіт ауруханаға жатқызылып, ол бірер күннен кейін қайтыс болған еді.

– Қазіргі күні эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Барлық қажеттілік жасалған, шешілмеген мәселе жоқ, – деді сала жетекшісі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

АҚПАРАТ 06 шілде 2018 г. 292 0