Мемлекеттік қызмет көрсету басты назарда

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, еліміздің әрбір азаматына қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, қызмет алушы мен қызмет беруші арасында тікелей байланыс жасауын болдырмауы мақсатында енгізілген механизм екендігін білеміз.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдауды айқындап берді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі - мемлекеттік қызметтерді одан әрі автоматтандыру, қызмет сапасын жақсарту және жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтап заңдастыру, сонымен қатар, қызметтерді көрсету барысында қызмет алушыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетуде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамалар талаптарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған орай, Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментімен халық үшін маңызды қызметтерді алуда мемлекеттік органдар тарапынан кездесетін кедергілерді айқындау және жемқорлыққа жағдай туғызатын әкімшілік кедергілерді жою мақсатында "Жасырын сатып алушы" жобасы жүргізілуде.

Жыл басынан бері жоба бойынша 35 мемлекеттік органда жасырын сатып алу тәсілі бойынша зерттеу жүргізіліп, 41 заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау, артық құжат талап ету, қызмет алушылырға, мүгедектерге жағдайлар жасамау (пандус орналастырмау), қызмет алушыларға қолжетімді нысанда қызмет көрсету стандарттарын орналастырмау, қызмет берушінің жұмыс уақытында болмауы сияқты заңбұзушылықтар кездесті.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға берілген 41 ұсыныс орындалып, 9 жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жоба нәтижесінде, мемлекеттік органда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға пандус орналастырылса, қолжетімді нысанда қызмет алу үшін ақпараттық тақталар жаңартылды, сондай-ақ, қызмет алушыларға күту орындары жасалды.

Жоғарыда жүргізілген шаралар, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруда және қызмет көрсететін органдар тарапынан алдағы уақытта орын алған кемшіліктерді болдырмауға өз септігін тигізеді деп сенемін.

БАЙҚУАТОВА Марал,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері 

және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 

Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы

АҚПАРАТ 05 шілде 2018 г. 396 0