Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - баршаға міндет

Әлеуметтік кеселге айналып кеткен жемқорлықпен күрес - мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Әсіресе, бұл серпінді дамып келе жатқан біздің еліміз үшін өте маңызды. Жемқорлық - әлеуметтік құбылыс ретінде саясатты да, экономиканы да, басқару жүйесін де кері тартатын механизм. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықтың мемлекетіміздің беделіне, демократиясына, ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына, адам құқықтарының сақталуына үлкен қауіп төндіретін дерт екенін үнемі айтып келеді.
Қазір бiз мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiкті талап етеді, сондықтан елге қызмет етуде ел беделіне көлеңке түсіретін істерге жол жоқ. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсемізді биік көтеріп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсенді түрде күресіп, түп-тамырымен жою үшін білім саласында өзгерістер енгізіп, белсенді жұмыстар жүргізудеміз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы   7 сәуірдегі № 172 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі (7 жасқа дейін) жастағы балаларды кезекке қою»  мемлекеттік қызметтер стандартына сәйкес облыста мемлекеттік қызмет көрсету нысанының бір түрі электронды және толық автоматтандырылған. Бұл дегеніміз адами факторды жоюға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға толық мүмкіндік береді деген сөз.
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрілігі бірінші сыныпқа баратын балалардың құжаттарын және оқушыларды оқуға қабылдауды да толық автоматтандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізуде. Өзгерістер енгізілген жағдайда бұл да оң нәтижесін береді деген сенімдеміз.  
Онан бөлек, білім беру ұйымдарында  Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңның 44-бабы 9-тармағына сәйкес білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады делінген. Осының негізінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі   № 355 бұйрығымен білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары бекітілді. Аталған  қамқоршылық кеңестің мақсаты білім беруді алқалық басқару болып табылады. Осы мақсатты іске асыру үшін келесі функцияларды атқарады:
- Білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілердің құқықтарының сақталуына, сонымен қатар білім беру мекемелерінің шотына түсетін қайырымдылық көмектің жұмсалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады;
- Білім беру ұйымының жарғысына өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлейді;
- Білім беру ұйымын дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынымдарды әзірлейді;
- Қазақстандық азаматтардың отбасына жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру мәселелері жөнінде шалаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлейді;
- Қайырымдылық көмек түрінде білім беру ұйымдарына түскен қаржыны бөлуге қатысады және оның мақсатты жұмсалуы туралы шешім қабылдайды;
- Білім беру ұйымының бюджетін қалыптастыру барысында ұсыныстарды әзірлейді;
- Тиісті саланың уәкілетті органына немесе білім саласындағы жергілікті атқарушы органына Қамқоршылық кеңестің білім беру ұйымының жұмысында анықтаған кемшіліктерді жою туралы ұсыныстарды енгізеді;
- Орта білім беру ұйымдары басшысының лауазымына үміткерлермен әңгімелесу қорытындысы бойынша хаттамалық шешім шығарады және келіседі;
- Білім беру ұйымы басшысының білім беру ұйымының қызметі туралы, оның ішінде білім беру қызметін ұсыну сапасы, қайырымдылық көмектің жұмсалуы және қазақстандық азаматтардың отбасыларына жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру мәселесі жөнінде шараларды қабылдау туралы есебін тыңдайды;
- Білім беру ұйымы қызметінің мәселелері бойынша конференцияларға, кеңестерге, семинарларға қатысады;
-Білім беру ұйымының қызметімен, білім беру ұйымындағы білім алушыларға және тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлармен танысады, білім беру ұйымдарының психологтарын қатыстыра отырып, олармен әңгімелеседі;
Көрініп тұрғандай, қамқоршылық кеңес қызметі сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бір тетігі болып табылады.
Тағы бір жаналық - мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын конкурс арқылы тағайындау кезінде білікті мамандарды іріктеу мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы                            21 ақпандағы № 57 бұйрығымен бекітілген қағидаға өзгеріс енгізді. Нақтырақ айтсақ өзгеріске дейін конкурс бір кезеңнен тұрса, өзгерістен кейін 4 кезеңімен қамтылып отыр. Басты жаңалық бұл жерде үміткерлер мектептің қамқоршылық кеңесімен келісуге жіберіледі, одан кейін үшінші кезеңге кіру үшін тестілеуден өту қажет, тестілеуден өткен үміткер облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссиясымен бағаланып, келісім алады, 4-кезеңде әңгімелесуден өтеді. Бұл дегеніміз директор бос лауазымына білімді де білікті  маманды іріктеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Біздер өз тарапымыздан мектеп директорлығына үміткерлердің құжаттарын қараумен ғана шектелмей, олармен әңгімелесу жүргіземіз. Бұл әрекетіміз болашақ директорлардың жауапкершілігін арттырға мүмкіндік береді.
Тағы бір сыбайластың алдын алудың бір тетігі ол педагог кадрларды аттестаттаудан өткізу, бұрын өтініш беруді тек қана  мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органға, яғни мектептерге немесе аудандық білім бөлімдері мен облыстық басқармаға тапсырса, қазіргі таңда мемлекеттік корпорациясы арқылы тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, барлық мектептерге электронды күнделік жүйесі енгізілді. Бұл да бір сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жолдары, себебі бұрын мұғалім қағаз түріндегі журналға жасырын түрде өзгерістер енгізіп жатса, оны дәлелду қиын болады, ал мына жүйеде егерде мұғалім заңсыз өзгеріс енгізіп жатса, бұл жүйенің тарихында көрініп тұратыны мәлім.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың белгілері байқалған деректер бойынша білім беру ұйымдары басшыларының басын жиі қосып, ашық талқылау жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылуда. Мұндай жағымсыз құбылыстар үйреншікті жағдайға айналмас үшін арнайы іс-шаралар бекітіледі.  Әр нәрсенің себебі мен онан туындайтын салдары болатындығын ескерсек, орын алған әрбір жасалған заңсыз кемшіліктерді талқылаудың ізінде жүре бермей, одан туындайтын себептерді нақты анықтап, алдымен сонымен күресуіміз керек деп ойлаймын. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек білім саласындағыларды ғана емес, жалпы барлығымызды ойландыруы тиіс мәселе. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алу үшін әр мекеменің басшылары өзінің қызметкерлерімен осы бағытта атқарылатын жұмыстарды жүргізуі мемлекеттік қызметтегі басшының парызы деп айтсақ артық болмас.
Алдағы уақытта да Заң бұзушылықтарды болдырмау және оның алдын-алу  мақсатында пәрменді іс-әрекеттер жасалуы білім беру ұйымдарының басшыларына қатаң түрде тапсырылып ұдайы  жұмыстар жүргізілетін болады.

Майра Мелдебекова,

Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы

АҚПАРАТ 11 маусым 2018 г. 87 0