ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ ӨЗГЕ АЙМАҚТАРҒА ЕНГІЗІЛМЕК

Мониторинг қорытындысымен республикалық инс­пекциялық топ Қызылорда облысының мемлекеттік рәміздерді насихаттау және пайдалану бойынша жұмыс тәжірибесін таратуды ұсынды. 

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республи­ка­­­сы­­ның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың төра­ғалы­ғымен өткен Мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша Республикалық комиссия оты­ры­сында өңірде атқарылған жұ­мыс туралы баяндады.

Облыста мемлекеттік мекеме, ау­мақтық департамент және инс­пекцияларда мемлекеттік рәміз­дердің жағдайы мен стандарттарға сәйкестігін  жүйелі түрде тексеріп тұратын инспекциялық топ тұрақты түрде жұмыс істейді. Ай сайын рейд ұйымдастырылып, анық­талған кемшіліктер мен оларды тү­зету туралы ақпарат БАҚ-та жарияланады.

2015 жылдың шілде айынан бас­тап облыс бойынша мемлекеттік мекемелерге рәміздерді сатып алу бір орталықтандырылған жүйе­­­ге енгізілді. Облыстағы Мем­­­лекеттік рәміздер туралы база қалыптастырылды. Онда өңіріміздегі Мемлекеттік рәміз­дердің  қаржыландырылуы, са­ны мен жауапты адамдар жай­лы мәлімет қамтылған. Өңір­де мо­ниторинг жүргізген респу­бликалық инспекциялық топ жо­ғарыда аталған Мемлекеттік рәміздердің базасын қалыптастыру бағытында жүргізіп жатқан жұ­мыс­тарымызды басқа өңірлерге оң тәжірибе ретінде таратуды ұсынатындығын жеткізді.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, сала­дағы проблемалық мәсе­лелерді атап өтті.

 «Дегенмен, проблема да жоқ емес. Мемлекеттік рәміздерді дайын­­дайтын лицензиялары мен сер­тификаттары бар жеке серік­тестік мекемелер мем­ле­кеттік рәміздер туралы Қазақстан Республикасының Конс­титу­ция­лық заңына сәйкес кел­мей­тін Мемлекеттік рәміздерді пай­далануға беруде. Бұл жағдайлар қарағандылық «Ақ бастау KZ» және астаналық «ZOOM» жарнама агенттігі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде кездесті. Бұл жөнінде Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне ұсыныс берілді», – деп хабарлады облыс әкімі. 

Атап өтейік, облыс орталығында Мемлекеттік рәміздер аллеясы са­лынып, биіктігі 60 метр бо­латын тұғырға Ту орнатылған. Бүгінгі күні аллея мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ант қабылдауы, әскер қатарына шақырылған жас азаматтарды шы­ғарып салу сынды патриоттық іс-шаралар өткізетін ерекше орынға айналды. Сондай-ақ, 4 маусым – Мемлекеттік рәміз­дер күні Арал қаласында Мем­лекеттік рәміздер аллеясы ашылды. Болашақта мұн­дай мәртебелі орындар барлық аудан орталықтары мен тіректі елді мекендерде салынатын болады.

«СБ» ақпарат.

АҚПАРАТ 10 маусым 2018 г. 75 0