ҚОРҚЫТ БАБА

ҚОРҚЫТ БАБА


Қазақ елі, қазыналы өлкемін,

Шартарапқа жайылуда өркенім.

Тәуелсіз ел тұғырларға төрлей бер,

Кемел болып келешегің, ертеңің.

Жоғалмаған сан ғасырғы салтымыз,

Бағы жанған бақытты елміз, жалпы біз.

Елу елде талай елдің алдымыз,

Отыздыққа орда тікті халқымыз.

Болашаққа бағдар алып самғадық,

Еуропаның төрінде де шарладық.

Елбасының еңбегінің жемісі,

Біз дамудың даңғыл жолын таңдадық.

Елбасымыз Мәңгілік Ел салдыртып,

Көш бастады бағымызды жандыртып.

Рухы биік Ұлы Дала ұрпағын,

Жатыр, міне, рухани жаңғыртып.

Әлемге аян егеменді елдігім,

Өткенімді өнеге етер келді күн.

Кімге болсын, «қазақпын» деп қасқайып,

Мақтана алам, шаттана алам, мен бүгін.

Міне, осылай ақтарылар жүрегім,

Туған өлкем тұғырыңды білемін.

Қазағымның көкке өрлеуі жолында,

Сенің де үлкен үлесің бар, Сыр елім.

Сыр ордасы екі ғасыр жастағы,

Қызылорда – арманымның асқағы.

Сенсің тұңғыш астанасы елімнің,

Қазақ елі сенен көшін бастады.

Өткен күнге көз жүгіртсек ойланып,

Елім сені биігіне қойды анық.

Қызылордам жарияға жар салып,

Екі жүз жыл жатыр биыл тойланып.

Мен өзіңнен қанаттанған текті ұлмын,

Мерейтойың құтты болсын деп тұрмын.

Тарту алып Жаңақорған төрінен

Қорқыт баба кешеніне кеп тұрмын.

Даламызда жатыр өшпей әр ізің,

Қорқыт баба – сенсің дана абызым.

Кие тұта білсем Қорқыт қобызың,

Бұл да менің перзенттік бір парызым.

Ел тойлаған екі ғасыр жасында,

Қызылорда текті өлкемсің расында.

Көріктеніп, көркейе бер осылай

Қадам басып ғасырлардан ғасырға.

Қызылордам басылмасын қарқының,

Тілеп келдім несібеңнің артуын.

Өнер көшін ала келдік біз бүгін

Қабыл алғын Жаңақорған тартуын.

Әбілқайыр Сыздықов,

Қазақстан Жастар одағы

сыйлығының лауреаты,

айтыскер ақын.

ӘДЕБИЕТ 30 қазан 2018 г. 255 0