НЕГЕ ҰТЫЛАМ?

Жасырам кімнен, несінен,

Түйінді жіптен шешілем.

Қашанғы тұсау саласың,

Босатсаң тағдыр, кешірем.

Перзентпін мен де сүт емген,        

Сырдарияның төсінен.

Елім-ай, мені еркелет,

Сақталған болса несібем.

Сағама тығын тас тықса,

Тіліммен тасты тесіп ем.

Сарқырап аққан сары өзен,

Қалайша жолдан кесілем?

Бұл өмір қызық несімен?

Тағдырым салған тұсаумен,

Тізерлеп шапқан тұлпармын.

Жазмыш қиған қанатпен,

Қырындап ұшқан сұңқармын.

 

Шығарам ба деп шерімді,

Сөйлей алмаймын, тұтығам.

Тартқанда өрге өмірім,

Тағдырға келіп тұтылам.

Ізімнен қалмай келеді,

Қай жаққа қашып құтылам?

Халқым бар, құрмет қылатын,

Өлмесем, неге ұтылам?

Н.ӘБІЛҚАСЫМОВ.

ӘДЕБИЕТ 08 қыркүйек 2018 г. 292 0