Қара би (дастан)

 Қара бидің көмекшісі болған Асан Өтебайұлының естелігі бойынша

Тайтұяқ

Бай Қара, басқалардан дара Қара,

Би Қара, болыс Қара, дана Қара.

Қарасыз бұл өңірдің күні батып,

Қарасыз бұл өңірдің таңы ата ма?

Бай Қара, бұл атақты Жүргенұлы,

Алланың айрықша шын сүйген ұлы.

Жайлаған осы өңірде ел-халықпен,

Қашанда өтіп жатыр бірге күні.

Жанына ол жан емес дамыл берген,

Жүреді қалың жұрттың қамын жеумен.

Біріне жоқ-жітіктің жұмыс беріп,

Біріне қалың малдан сауын берген.

Халқына пана болған бір тау еді,

Шын жүйрік топтан озған тұлпар еді.

Екі рет өмірінде Қыдыр көрген,

Жәрімбет әулиенің ұрпағы еді.

Кең жайған қай кезде де керегені,

Өр еді, өзгеше еді, өрелі еді.

Ерекше өзі берген тәрбиемен,

Ұрпағы өсіп-өнді өнегелі.

Бәріне абыздардан бата алдырды,

Қызыға қарайтындай қатар құрбы.

Оқытып Темірбегін Петерборда,

Атақты «Темір нарком» атандырды.

Көрмеді ел босқа шалқып, шашылғанын,

Масайрап байлығына тасынғанын.

Айрықша қадірледі, құрмет тұтты,

Алаштың ардақтысы, асылдарын.

Қонақжай қалпы көпке жайған атын,

Келген жан құрметіне таңданатын.

Қонаққа аттанарда беру үшін,

Бір тұлпар белдеуінде байланатын.

Қонақсыз күні оның аз болатын,

Жайылған жаны жайсаң жаз болатын.

«Совнарком» Сәкен келіп сәлем беріп,

Төрінде жатушы еді Мағжан ақын.

Жас жігіт көмекшісі жанындағы,

Бәрін де не керектің дайындады.

Атақты Қажымұқан келген кезде,

Қара би отау үйде қабылдады.

Осы еді оны алғаш көргені де,

Арнайы болды риза келгеніне.

Сымбатты тұлғасына қалды қарап,

«Үлкенге сәлем берген жөн» деді де.

Жүзінде жылы мейірім, шуақ тұрды,

Бар жайын, жағдайын сұрап білді.

Сонан соң палуанның алда барар,

Жайына сапарының құлақ түрді.

«Қарағым, ерте шықты елге атың,

Елдің де сенде үміті зор болатын.

Ақтадың ел сенімін, рахмет»

Деді де шақырды өз қолғанатын.

Жас жігіт көмекшісі жедел келді,

Қонаққа сәл иіліп сәлем берді.

Ас-судың қонақ үйде дайындығын,

Айтпай-ақ берді соған орай белгі.

«Қарағым, білдік сапар, жоспарыңды,

Күтеміз сенен артық басқа кімді.

Жігітпен мынау келген бірге ішіп қайт,

Арнайы дайындалған ас-дәміңді.

Білемін, міндетің көп арқалаған,

Базарың басыңда әлі тарқамаған.

Асықпай ас-суыңды ішкеннен соң,

Екеуің соғарсыңдар қайта маған».

Қара би солай деді қонағына,

Сый, құрмет бұдан артық болады ма?

Палуан көмекшіге ере берді,

Биді кең құшағына орады да.

Өзгеше қонақ үйдің дайындығы,

Жинаған барлық жұмсақ, жағымдыны.

Көмекші шапшаң әрі зерек жігіт,

Жан-жақты қонағының жайын білді.

Тынбайды бітіргенше қалайда ісін,

Сол үшін бидің де алған сан алғысын.

Мол етті қазы-қарта, жал-жаяны,

Қойдың да дайындады жарамдысын.

Кең жайған дастархан да келісті еді,

Жақсы ғой қонағының жеп-ішкені.

Ірімшік, құрт, майы да тау боп жатыр,

Бір шетте мөлдіреп тұр жемістері.

Не қажет қонағының қалауына,

Бәрін де дастарханнан табады да.

Болысқа пошта арқылы жететұғын,

Молдау тұр Петербордың шарабы да.

Қонақтың атағы да аты мықты,

Көмекші жақсы сыйдың сәтін ұқты.

Ас, суға сұғынбайтын тым сыпайы,

Қос қартты серіктікке шақырыпты.

Қалғандай бойы сергіп, жеңілденіп,

Қонағы жақсы отырды көңілденіп.

Сұрады жас жігіттің аты-жөнін,

Ерекше ықыласпен пейілденіп.

Сыпайы, биден алған мың тағылым,

Көмекші шығарды аздап сыр танымын.

– Ағаның туысымын, атым Асан,

Өтебай бидің мен де ұрпағымын.

– Көмекші екенсің, – деп, – ең сенімді, –

Қонақ та риза боп еңсе бұрды.

Бұл кезде біраз шыны босатылып,

Еттің де көп бөлігі еңсерілді.

Жақсы ғой қызметтің өтелгені,

Көмекші жатты шыны көтергелі.

Қонағы «тағы ағаға соғамыз ғой,

Осы да бүгінгіге жетер» – деді.

Екеуі Қара биге қайта келді,

Шынайы сыйға алғысын айта келді.

Сұрады би де алдағы сапар жайын,

«Барасың қай жағына байтақ елдің.

Ел жүгін, көтересің заман жүгін,

Жолды да көп көрерсің талай қиын.

Қарағым, қай бағытта жүрсең-дағы,

Тілейміз жаныңның біз амандығын».

Қалғандай қоштасуға бейімделіп,

Айрықша қонағына көңіл бөліп.

– Бәйбіше, тайтұяқ бер қонағыма, –

Деді би ықыласпен мейірленіп.

Тосындау болды бұл сөз барлығына,

Бәйбіше ұқпағандай жайды мына.

Қара би қайта тағы қарағанда,

Кілтті сала берді сандығына.

Қонақ та бұған қатты абыржыды,

Алтынның қай кезде де ауыр жүгі.

– Онсыз да сыйыңызға ризамын,

Артық қой, – деді, – аға, алу мұны.

– Қарағым, рахмет келгеніңе,

Жұлдыз боп шығып жүрсің ел көгіне.

Қашан да қаржы артықтық еткен емес,

Ағаңның жолыңа арнап бергені де.

Қайнаған өн-бойыңда мол қуатың,

Шығарып жүрсің біздің елдің атын.

Жұмсарсың керегіңе, – деді де би,

Сандықтан шыққан жаңа берді затын.

Бәрі де болды өзінің дегеніндей,

Көңілің толады ма көре білмей.

Тайтұяқ сыйы құйма алтын еді,

Тайдың бір тұяғының көлеміндей.

Толқытты қонақты би сыйы мына,

Бөленді жүрегінің жылуына.

Осы сәт би де орнынан көтерілді,

Жамылды жібек шапан иығына.

Қонақ та мол құшағын жая берді,

Аттанар шағы да енді таяу еді.

Шыққанда Қажымұқан үйден сыртқа,

Тұлпармен тұрған жанды жаңа көрді.

Жақсының жарық еді жаны қандай,

Бойына болды бір күш дарығандай.

Аттанды аға үйінен Қажымұқан,

Арқада тұрған алып тауы бардай.

«Темір нарком»

Өмірге өзгешелеу заман келді,

Заманмен талай айла, амал келді.

Білмейсің алдыңда не күтетінін,

Жүрмейсің бұрынғыдай қалай да енді.

Белгісіз ісінің де оң-терісі,

Беймәлім жасап жатқан төңкерісі.

Таусылмас күнде жиын, күнде дүрмек,

Көбейген елдің ыза, жиіркеніші...

Ішіне көп дүрмектің енесің бе,

Сөзіне шуылдақтың сенесің бе.

Күдікті түрлі топтар, партиялар,

Күманды ұрандатқан кеңесің де.

Саналы іс көрінбейді ел сендірер,

Тауды да тұрды дауыл теңселдірер.

Нені айтып тұрғанын да ұқпайтұғын,

Көбейді шолақ ойлы белсенділер.

Қара би бар малшыға ерік берген,

Қатерден құтылды тез төніп келген.

Өткізді үкіметке қолда барын,

Қалғанын жалшыларға бөліп берген.

Өзгертті қонысын да, тұрағын да,

Байлықтың осыншама жүгі ауыр ма.

Етеді шүкіршілік Темірбегі,

Істеп жүр үкіметтің құрамында.

Сүйсінтіп құрбы, құрдас, қатарларын,

Біледі «Темір нарком» атанғанын.

Халқының болып қазір мақтанышы,

Ақтап жүр ел үмітін, татар дәмін.

Үлгі боп көп басшының арасында,

Лайық елден алған бағасын да.

Аз жылда ұлғатты іс тындырған,

Басқарған өзі ағарту саласында.

Қашанда туған елге ту болатын,

Жақсының жүрген жері нұрланатын.

Қаншама байтақ елге мектеп ашып,

Соқтырды сансыз ғылым ғимаратын.

Жақсыға жоқ реніш, таласың да,

Нұр шалқып тұрады әр қарасында.

Көтерді көкке биік бекітілген,

Өзіне мәдениет саласын да.

Темірбек сүйсінер де сенер ұлың,

Еліне бәрін тапты керегінің.

Өткізді Мәскеуіңде онкүндігін,

Қазақтың өскен ұлы өнерінің.

Жаңа жол ашылғандай алуан нұрлы,

Ел көрді бір ғажайып арман күнді.

Қазақтың асыл ән, күй, билері де

Мәскеулік көп тұрғынды таңдандырды.

Ерекше өнер жұртты еліктірді,

Шаттыққа жүрек біткен толып тұрды.

Атақты күн көсем де риза боп,

Сүйсініп қолын ұзақ соғып тұрды.

Шіркін-ай, не жетеді шын асылға,

Өнерге шекара жоқ расында.

Таңдантты тамам елді Серке, Елубай,

Қанабек, Қапан, Шара, Күләшің да.

Мұрат қып ел мерейі асқақтауын,

Зор істі аяқасты ақсатпауын.

Жарқылдап жай отындай жүр Темірбек,

Жиналған өнерпаздың бастап бәрін.

Жарады қыздары да жігіттері,

Бәріне сенімді еді, үмітті еді.

Мәскеуде көрсетіп зор, үздік өнер,

Ерекше ел мерейі биіктеді.

Көрді жұрт жыр алыбы, ән дүлдүлін,

Сайраған сахнаның сан бұлбұлын.

Басшылар риза боп бағалады,

Еңбегін өнерпаздың барлығының.

Орденін берді, құрмет, атағын да,

Өнердің болғандарға сапарында.

Орденнің ең жоғары бірін алды,

Солардың Темірбек те қатарында.

Өнердің көрді халық өрлегенін,

Көрді жұрт бұрын ешбір көрмегенін.

Темірбек бастап келген өнерпаздар,

Көтерді туған Отан, ел мерейін.

Тәртібі Темірбектің тастан қатты,

Қайтадан қайтарғандай қашқан бақты.

Мәскеулік мамандарға қол соқтырып,

Халқының абыройын аспандатты.

***

Әртүрлі жаңа заман көп амалы,

Көңілдің күдігі де көп алаңы.

Көбейді естілмеген елде бүлік,

Көбейді зорлығы мен зобалаңы.

Көбейді қара жүрек, қара қанды,

Соғатын жауыздыққа алақанды.

Өршіді жалған жала жабушылар,

Жазықсыз талай жандар жау атанды.

Жау болды ел басқарып жүргендер де,

Өз елін, өз Отанын сүйгендер де.

Жау болды елі үшін ерлік етіп,

Отына оның ерте күйгендер де.

Шалынған секілденді көңіл дертке,

Адалдық аярлықтан жеңілмек пе.

Жау болды жалындаған шын қайраткер,

Атақты «Темір нарком» Темірбек те.

Күманды жақсы жатып, жай жаттың ба,

Күдікті асылың да, ардақтың да.

Белгісіз жазықсыздың жанын алып,

Сорлының сорын тағы қайнаттың ба.

Білмейсің, біле алмайсың бәрін нақты,

Қайғыны, қасіретті қалыңдатты.

Жау етіп талай асыл, ардақтыны,

Түрмеге, абақтыға жауып жатты.

Темірбек «Темір нарком» Жүргенұлы,

Халқының шын қайраткер, сүйген ұлы.

Жазықсыз жаламен көп ұсталғанмен,

Қамады абақтыға бірге мұны.

Қара түн қара түнек таңға ұласты,

Күңгірт күн баяу жылжып айға ұласты.

Сексенге бұл кез келген Қара биді,

Уайым, қалың қара қайғы басты.

Көп жайды үкіметтің ісіндегі,

Қаншама ойлағанмен түсінбеді.

Жазықсыз қанша жанды жауып жатыр,

Не үшін, жасап жатыр үшін нені.

Білмейді қандай заңы, талабын да,

Қажеті, көңілдегі қалауын да.

Сексенге келген қазір Қара бидің,

Қара бұлт серпілмеді қабағында.

Айпайды, айта алмайды көңілдегін,

Ұқпайды мынау жаңа өмір лебін.

Ойлайды, толғанады күні-түні,

Жазықсыз жапа шеккен Темірбегін.

Өзгеше адамы да, талабы да,

Кез болды қандай дәуір заманына.

Тағы да ойлап асыл Темірбегін,

Жас келді уайымнан жанарына.

Темірбек еді үміт, тілегі де,

Жер басып онсыз өмір сүреді ме.

Құртқандай болды мақсат, мұратын да,

Сұққандай болды қанжар жүрегіне.

Арманы тұңғиыққа батып тынды,

Алдағы көре алмады бақыт күнді.

Жазықсыз жапқан жөнсіз жаламенен,

Ақыры Темірбекті атып тынды.

Қайда да жұмбақ тағдыр, жұмбақ өлім,

Дүние тындырмады дүрбелеңін.

Ақыры жазықсыздан атып тынды,

Ерекше ел бағына туған ерін.

Амал не тұрмаған соң қолда күшің,

Бір жансың жоқ қолдауы, қорғанысың.

Тергеусіз, сотсыз атты Қара биді,

Әкесі Темірбектің болғаны үшін.

Тұрмағамбет

Дүрбелең бұдан соң да басылмады,

Көп болды елден ұйқы қашырғалы.

Жоқ жерден жау іздеген шын ниетін,

Қарау ой қарақшылар жасырмады.

Айырылған адалдықтан, ар-намыстан,

Кез келген күткендей-ақ жаннан дұшпан.

Дамылсыз енді олар жау іздері,

Жандардан «жаулармен бір байланысқан».

Тағы да ұят, арды ұмыттырды,

Кез келген жаннан үрей, күдік кірді.

Болған деп Темірбекпен байланыста,

Тізімге ұлы ақынды іліктірді.

Ұлы ақын Тұрмағамбет, даңғыл ақын,

Жинап ап бойға талант, бар қуатын.

Аударған «Шаһнамасын» Фирдоусидің,

Ғажап жыр мейіріңді қандыратын.

Өнердің мұрат болып өрлегені,

Мәлім ғой тыңға құлаш сермегені.

Әлемдік деңгейдегі туындыны,

Темірбек аударуға берген еді.

Ойында жоқ ешқандай мансап көрмек,

Болмаса мадақ пен сый аңсап көрмек.

«Өлеңмен он бір буын он ай жазып»,

Бітіріп бергенді ақын шаршап, терлеп.

Еңбегі Тұрмағамбет ел есінде,

Көрінген жырдың биік белесінде.

Он айда қырық мың жол өлең жазған,

Ақынның құдіретіне сенесің бе?

Өн бойын өлең-жырмен құйған ақын,

Алладан жасалған бір сый болатын.

«Шаһнама» ұлы еңбек, ерлік еді,

Өмірі патшалардың жырланатын.

Тынбайтын қырда кеңес, ойда кеңес,

Қан қырғын, патша өмірі толған егес.

Он айда қырық мың жол өлең жазған,

Еш ақын тарихта болған емес.

Бұл дастан түскен емес жерге көктен,

Талайдың ой-қиялын тербеп өткен.

Атақты осы ұлы дастан үнін,

Фирдоуси ондаған жыл еңбек еткен.

Шарықтап қиял құсы күнде ұшпаған,

Ақындық деген биік туды ұстаған.

Парсыша жетік білген Тұрмағамбет,

Дастанды аударған-ды түпнұсқадан.

Жанына еңбек еткен бермей тыным,

Көретін өзге жұрттың көрмейтінін.

Темірбек сезген еді жырды аудару,

Қолынан басқа ақынның келмейтінін.

Көркем жыр шықты көптің көңілінен,

Қол соқты қошеметтеп елі бірден.

Ақын да шын қуанып, мерейленді,

Шыққанда Темірбектің сенімінен.

Жүрегін тербеп жырдың қуат лебі,

Жүзі де шұғылалы, шуақты еді.

Бұзылып кенет бәрі кете берді,

Бәрі де тыныш, дұрыс сияқты еді.

Тұрғандай болды кенет қара дауыл,

Ақынға жабылатын жала да ауыр.

Жауменен сыбайлас деп кінә тақты,

Мұндайда қара ниет қала ма құр.

Қара күш тағы да өзін таныттырды,

Көңілге қасірет пен қауіп кірді.

Ақыры жалған жала жабушылар,

Ақынды абақтыға жауып тынды.

Қорқаудың көзі де жоқ, жоқ құлағы,

Қашанда бойында ыза, кек тұрады.

Ақынды неге жаумен жолықтың деп,

Аяусыз абақтыда соққылады.

Пәктіктен басқа ешқандай жоқ тілегі,

Ақынға қандай ғана кетті кегі.

Айтқанын Темірбектің істедің деп,

Аяусыз қайта-қайта тепкіледі.

Темірбек – халық жауы, сен де бірге,

Куәміз саған қатты сенгеніне.

Аңсайсың, патша өмірін дәріптейсің,

Жаусыңдар, кеңестердің жеңгеніне.

Ақынға кінәсі көп тағар тағы,

Қадайды сұсты көзін алартады.

Тебеді жазығы жоқ қарт кісіні,

Тіледі қамшысымен жон, арқаны.

Қарт ақын алпысқа да келіп қалған,

Соққыдан талай рет өліп, талған.

Сүйретіп құр сүлдерін әрең шықты,

Жабыққан жаны жүдеп торыққан жан.

Сан рет азап, қинау соққы көріп,

Денеден сау тамтұқ жоқ кетті ме ерік.

Өзінше еркін тұрып жүре алмайды,

Түрмеден шықты ақын дертті болып.

Аяғын ашып, алшаң баса алмады,

Көңілін бір белгісіз басар қайғы.

Өзінің өмірі де күңгірт тартып,

Көзінің көруі де нашарлады.

Бойына сан азапты салып түрлі,

Атар таң қимағандай жарық күнді.

Азаптан бойына енген осы дерті,

Ақынды бұл дүниеден алып тынды.

* **

Дүние дөңгеленген тынады ма,

Уақыт бір орнында тұрады ма.

Келмеске кетті кеңес кезеңі де,

Айналған бір дәуірдің ұранына.

Жар болып жаппар ием Жаратқаным,

Көрді ел Тәуелсіздік таңы атқанын.

Босанып тас бұғаудан талай жылғы,

Халқымыз қайта жазды қанаттарын.

Тамаша бір ғажайып дәуір келді,

Азат ел еркіндіктің таңын көрді.

Келеді күннен күнге ажарланып,

Көркейген қала, дала, ауыл да енді.

Көп сырдың көрді халық ашылғанын,

Қанша жыл басқыншының басынғанын.

Халқымыз өз тарихын қайта қарап,

Шығарды жарыққа шын асылдарын.

Ерекше елі үшін туған ерек,

Жазықсыз жазаланған тұлға да көп.

Солардың қатарында ұлықталды,

Қара би, «Темір нарком», Тұрмағамбет.

Қонғандай сәтіменен қолға бәрі,

Халқымның орындалды ойлағаны.

Атымен асылдардың аталуда,

Ауылдар, көше, білім ордалары.

Бас иген барша халық рухына,

Бола ма Қара биді ұмытуға.

Халқына айрықша адал қызмет еткен,

Темірбек, Тұрмағамбет – ұлы тұлға.

Таңдантқан талай елді сүйіндіріп,

Тұрғандай бізге күн де нұрын құйып.

Бәріне осылардың қол жеткізген,

Ұстайық Тәуелсіздік туын биік.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Қызылорда.

ӘДЕБИЕТ 30 тамыз 2018 г. 331 0