Өлеңмен өрнек тоқыған

Арал ауданы Жақсықылыш ауылының тұрғыны, зейнеткер-ұстаз Асылзат Ахметова «Сыр бойының» тұрақты оқырманы.

Жақында редакцияға оқырманымыздың хаты келіп түскен. Хатта «Егер осындай еңбектерім сіздердің басылым бетінен орын алып жатса,  мен үшін үлкен рухани демеу болар еді», – делініпті.

Әрине, Асылзат апай, сіздің шығармашылығыңызға орын бар. Өйткені, өлең – жүректің қуанышы, тірлік пен болмыстың үзілмес алтын тіні.


«СБ» руханият бөлімі.

Көңіл күйім

Көңіл күйім келмей жүр, қапаланам мен неге?

Қоңыр әуен, қоңыр күй орнап алған кеудеме.

Таба алмадым түйткілін мына қоңыр тірліктің,

Мазалайды жанымды еріктен тыс әлдене.

Күліп жүріп кей-кейде жылап жүрем ішімнен,

Сырымды ашқым келеді жан болса егер түсінген.

Қу тірліктің шуағын қуалаған пенделер,

Қайдан ұқсын күйімді аласұрып күрсінген.

Ұқсын мейлі ұқпасын өз көңілім өзімде,

Сәттерімде толқыған ерік берем сезімге.

Бір қуаныш, бір қайғы көңіл күйім жұмбақтау,

Торығамын, тоқтаймын сабыр берем төзімге.

Жабығамын мен неге?

Жабығамын мен ылғи жабығамын,

Серік болып алған ба жаныма мұң.

Көңіл күйім құлазып серпілмейді,

Жүрегіме нала жыр төркіндейді.

Айырыла алмай сол күйден сенделемін,

Ей, табиғат, жанымды емде менің.

Жырлар жазғым келеді жігерленіп,

Жігерленіп керемет күйге енемін.

О, тәңірім ғұмыр бер мағыналы,

Жырлар бер жазатұғын маған әлі.

Әсем сөздер өрнек сап жүрегіме,

Жүре берсем қонақ боп жыр елінде.

Тұнық жырлар алаулап ой тереңде,

Жалыныңмен жанымды өрте менің.

Өлең, өлең сыры мол дүниесің,

Айтшы маған беретін бар ма үлесің.

ӘДЕБИЕТ 30 тамыз 2018 г. 338 0