МЕНІҢ АСТАНАМ!

Ақындық асау жүрекпен,
Дархан қазаққа тән пейіліммен,
Меншіктеп сені әрдайым «менің Астанам» деймін мен.  
«Менікі» десем, жұртымның мерейі деп сен, ойлағын,
Ұлан да ғайыр ұлтымның асқақтат бүгін байрағын.
Еңку де еңку жер шалып, Есілге қонған, Ел Ордам,
Ертеңгі ұрпаққа шамшырақ боп шұғылаңды шаш, сен, алдан.
Сарыарқа мынау төсінде самала шаһар сәйгүлік,
Қанатын алтын Күнменен барады ару Айға ұрып...
Бабалар аңсап күткен бұл баяғы алтын сарайлар,
Осында туып, осыдан дүниені шарлар дана ойлар.
Алаштың атын аспандат, Астанам менің және бір,
Алақаныңнан сенің күні ертең «алашпын» дейтін өреді ұл.
Осынау сезім саған да, маған да керек деп білгін,
Арманым еді бұл менің апталар... айлар... көп жылғы,
Ғасырлар бұған ғаламат жеткізді бүгін талайдан,
Астанам менің –
Асқақ күй, айшықты жыр мен арайлы ән.
Дүниеге келер ұрпақтың атынан сені етем жыр,
Қаһарман біздің қазаққа қайырлы болғай мекен бұл!
 «Қараөткел» анау қазақтың  ән базарын қайнатқан,
Ереймен мынау елімнің сүрінген көзі бәйге аттан...
Кеңес те құрған жақсылар Парламент үйі келелі,
Елдіктің сенсің еңселі Елордам берік емені.
«Бәйтерек» осы жеті қат көкпенен заңғар тілдескен,
Сен жайлы бүгін ақ жаңбыр ағыл да тегіл жыр-дестем.
Алыптар туған кешегі, аңыз-жыр болған Ақмола,
Төрт мұхит, алты құрлыққа тебіреніп қарар шаттана.
Әлемді жалт-жұлт аузына әулиедей түгел қаратқан,
Астанам саған ағылды қонақ Америка түгіл, арабтан...
Үлгі де болар ұрпаққа Үш биім төрде жайғасқан,
Сендегі әсем Күнменен сәулесін төккен айлы аспан.
Ақ жұпар аңқып Есілден ескен ерке жел,
Ертеңге көшін тартқан бұл көзайым болғай, көркем ел.
Жолдайды сәлем Мәскеу жақ, Париж бен Рим... Анкара,
Көшеңді кезер көк көзді алжирлік ару таң қала.
Ақ шаңқан шаһар шабыттың түйме қып басқан тиегін,
Мен сені бүгін Төлеген Айбергенов болып сүйемін.
Ұстының сынды дәл бейне Парасат пенен Ұлылық,
 Зәулім сарайлардан ескендей ұлтыма тән бір жылылық.
Алаштың басын қосқан, сен, Арқаға қонған Ақ ордам,
Қазақтың жерін қарашы, сен құсап қайта жаңарған...
Ұйқыда жатқан үміттің қоламта шоғын ояттың,
Қара асфальт күй боп күмбірлер астында сансыз аяқтың...
Ел Ордам менің,
Елбасы тіккен Есілді еркін бойлатып,
Жарты әлемді жатырсың енді жарқын да жарқын тойлатып.
Ақ сүңгі қалам аспанға анау шатыры шырқау шаншылған,
Ғашығымдайсың,
Асығымдайсың түскен бір жерге алшыңнан.
Шағылысып күнге жетіқат көкке крандар созған мойынын,
Астанам, ару арманмен алабұртып тұр-ау, қойының.
Баянды болып бозбала таңда басталған мәңгі мерекең,
Шаттықпен қоса шалқысын төрде телегей теңіз берекең.

Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
ӘДЕБИЕТ 09 шілде 2018 г. 720 0