Рух ұлықтаған ұлағат

Көрнекті қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Бегімбай Ұзақбаевтың 70 жасқа толған мерейтойына орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Рух ұлықтаған ұлағат» атты салтанатты шара өтті.
Қаламгер кешін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов ашты.
Аралдың алақандай ауылында туып-өсіп, жастайынан дарынымен дараланған, қаламгерлік жолында қарымды еңбек етіп, «Жалаңтөс баһадүр», «Қарабура», «Сартай батыр», «Байқазақ» сияқты тарихи романдарымен  қазақ әдебиетіне үлкен еңбек сіңірген жазушының шығармашылық жолына шолу жасап, ыстық ықыласын білдірген С.Шаухаманұлы, мерейтой иесіне облыстық ардагерлер кеңесінің «Құттықтау хатын» табыстады.
Сондай-ақ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев замандасы, қарымды қаламгер Б.Ұзақбаевтың өмір жолы жайлы тебіреніспен әңгімелеп, қызмет жолындағы табанды еңбегін, әдебиет өлкесіндегі қайраткерлік болмысын жоғары бағалады. Кеште сөз алған Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаев қаламгерге аудан халқының ізгі ниетін жеткізіп, шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын  филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Темірхан Тебегенов табыс етті. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының атынан  арнайы сый-сияпаттар ұсынылды. Белгілі ақын Толыбай Абылаев қаламдасқа деген жылы лебізін жыр шумақтарымен жеткізді.
Бұдан кейін Б.Ұзақбаевтың жаңа туындысы – «Көз көрген жандар» атты саяси деректі кітабының тұсауы кесіліп, жалпы оқырманға жол тартты.
Мерекелік шарада Қазалы ауданынан келген термешілер, облысқа танымал жас әншілер өнер көрсетті.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
ӘДЕБИЕТ 24 мамыр 2018 г. 1 662 0