САҚШЫДАН ШЫҚҚАН СЫРДЫҢ СЫРБАЗ САТИРИГІ

Қай ұжымда болсын өзінің ерекше қасиетімен әр адамның жүрегінен орын ала білген, рухани қазынасын мұра етіп қалдырған ақыл-ой кемеңгерлерін мақтан етіп, ардақ тұтады. Сол мекеменің бүкіл тарихын біліп, ұлы істердің басы-қасында жүретін ер азаматтарымызды ұмыту мүмкін емес. Олар өздері үшін өмір сүрмей, жеке өмір дегенді білмей, барлық жастығы мен өмірін өз қызметі мен халқының жарқын болашағына арнаған жалынды жандар. Ежелден «алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп өскен біздің халық үшін ақсақалдарға жақсы жағдай жасап беру ғана емес, олардың ақылын алып, өмірлік тәжірибесін үйрену де қоғамдық маңызы зор істердің бірі болып саналады. Жас ұрпақ ардагерлердің әңгімесін, ақылын тыңдап, тәжірибесін үйренгісі келсе, алдымен облыстағы ардагерлер ұйымымен жақындасуы керек.
Бүгінде біз сөз қылғалы отырған азамат өз өмірінің ширек ғасырдан астам уақытын Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінен зейнетке шыққан Қазыбек Әшірбекұлы жайлы болмақ. 1945 жылдың күз айында дүниеге келген Қазыбек Әшірбекұлы өмірдің қиын-қыстау кездеріне қарамай өзіне деген сенімділігі және жігерлілігінің арқасында ішкі істер органында әртүрлі қызметтер атқарған. 1991 жылдың 1 қазаны күні ССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, арнайы киім үлгісін киіп жүруге құқық берілген отставкадағы ішкі қызмет майоры болады. Бүгінде Қазыбек Әшірбекұлы ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері. 1992 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанды. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағы басқармасына қарасты Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының мүшесі. Оның сатиралық өлеңдері  2001-2012 жылдар аралығында  республикалық ата басылым «Егемен Қазақстан» газеті мен «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауында жарыққа шыққан. Заман тынысын дөп басып, кемшілікті сын-сықақтың жебесіне іле білген көркем де көш ілгері сатиралық шығармалары белгілі жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлденің екі мәрте иегері атанған. Өзі ішкі істер саласының қызметкері бола тұра шығармаға жаны жақын Қазыбек Әшірбекұлы «Күлкі керуен», «Ұрт пен мұрт», «Жебе», «Белорақ» сынды сатиралық шығармалардың авторы. 

Қазыбек Әшірбекұлының бірнеше сатиралық туындыларын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

ТҮЛКІ ТІРЛІК
(Мысқыл – мысал)


Бір күнде,
Бір түнде,
Саған өтірік,
Маған шын,
Басыма бірден БАҚ қонды,
Бағыма сай ТАҚ болды.
Астымда «служебный»,
Салдақы елес, су жаңа,
Шетелдік темір ат болды.
Аузымнан шыққан әр сөзім,
Әркімдерге ақ болды.
Мәймөңкелер маңайлап,
Алдыма түсіп: «Ағай – лап»,
Жағымпаздар жақ болды...
Ал біреулер абайлап,
Алды-артына қарайлап,
Сауысқандай сақ болды...
Солар мені қолдады,
Сөз бен көзден қорғады...
Жиі-жиі қонаққа,
«Жүрініз!» -деп зорлады...
Бар болғаны бармақтай,
Басыма қонған осы бақ,
Баянды бірақ болмады.
Бұл тұрақсыз бақ болды,
Тым тайғанақ тақ болды.
Тайған сәтте тағдырым,
Табалауға тап болды ...
Сол сәттерде шіркін-ай,
«Сыйластық» та сап болды.
Жағымпаз бен жылпостар,
Қуыс кеуде құр бостар,
Қатар жүрген кей достар,
Қос қағымда жат болды.
Әй, түлкі тірлік-ай!

«МАЙСӨК» пен ЖАЙСӨК»

Ерте, ерте, ертеде,
Көп жеу мүлде келтеде.
Соған қарамастан,
Кей бір қарабасқан,
Ұзын сөздің қысқасы,
Үздік жеудің «ұстасы»,
Бастық пен басбух,
Болардай қырық жыл аштық,
Қоғамға жасап қастық,
Мемлекет мүлкін бөлісіп жейтін...
Қызметкердің айлығынан қымқырып,
Жұмысшының жалақысынан жымқырып,
Өзара келісіп жейтін...
Ол мешкейлерге,
Мемлекет мүлкі  «майсөк» болатын.
Ал, айлық пен жалақылар,
Олар үшін «Жай сөк» болатын.
Дегенмен де,
Миллиондап жеу болмайтын,
Ондай жеу миға қонбайтын.
Жей қалса шығып желкеден,
Өмір бақи онбайтын.
Бүгінде бәрі басқаша,
Кем елес онан аспаса.
Ешкіні қылымен,
Қойды жүнімен,
Түйені түгімен
Теңізді түбімен,
Вагонды жүгімен,
Қыраты құмымен,
Қоймай бұнымен,
Тау-тасты мүгімен жеу пайда болды.
Қазіргіге қарағанда,
Бұрынғының «тірлігі» майда болды.
Иә, солай.


«УАҚЫТ ЖОҚ!»
(Өмірдің өзінен)


Тұратын алыс-жақында,
Туған-туыс жақынға,
Жанасуға уақыт жоқ.
Менен жақын болар кім?!
Жағдайымен солардың,
Санасуға уақыт жоқ.
Нағашылы - жиенге,
Қыз бен кедей күйеуге,
Қарасуға уақыт жоқ.
Жағдай сұрап әйелден,
Анда-санда әйелмен,
Жарасуға уақыт жоқ.
Қысқасы,
Басқаларда уақыт көп...
Ал, менде еш уақыт жоқ.
Бар жақыным-БИЗНЕС,
Бұдан артық бақыт жоқ!
Көпіріп көп созуға,
Қыруар тірлік қарап тұр,
Кешірініз, уақыт жоқ!

Қазыбек Әшірбекұлы,
Қызылорда
ӘДЕБИЕТ 16 наурыз 2018 г. 280 0