Яссауи хикметтерінің 100-ден астам қолжазба нұсқасы басылып шығады

Оңтүстік Қазақстан облысында Қожа Ахмет Ясауидің 100-ден астам қолжазба нұсқасы жарияланатын болады. Бұл туралы аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев кезекті есептік жиында мәлімдеді. 

Облыс әкімінің айтуынша, биыл Қожа Ахмет Яссауи мұрасының XVI-ғасырда көшірілген хикметтерінің 100-ден астам қолжазба нұсқасын  жариялау арқылы түркі дүниесінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету көзделіп отыр.


«Ағымдағы жылы облыста «Қымызмұрындық», «Қауын fest», «Агро fest», «Ақсу-Жабағылының алқызыл қызғалдағы», «Туған жерге тағзым» тақырыптарында дәстүрлі түрде өтетін ерекше жобалар қолға алынады. Олардың қатары Шардара ауданының туристік әлеуетін көтеру мақсатындағы туристік форум және «Safari Shardara» іс-шаралары мен Сарыағашта гольфтен «Open Saryagash» жарысымен жалғасатын болады»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.


Облыс әкімінің сөзінше,  ЮНЕСКО-ның  «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» номинациясы бойынша өңірде 8 ескерткіш бар. Олар – Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері.


«Көне Түркістан» тұжырымдамасы 3 кезеңде жүзеге асырылатын болады. Ал, Ордабасы тауында үш биге монумент орнатылса, «Қазығұрт тауы» жобасының тұжырымдамасы дайындалу үстінде. Бұл екі тауда туристік инфрақұрылымдар қарастырылып, сондай-ақ киелі, қасиетті орындарды аяқасты етпеу жақтары ескеріліп отыр.


Аймақ басшысы сондай-ақ есептік жиында Отырар қалашығы мен Арыстанбаб кесенесін байланыстыратын ежелгі жолды қайта жаңғыртып, оның бойында ұлттық қолөнершілердің шеберханалары бой түзейді деп алдағы жоспарлармен бөлісті.


Дереккөз: kazinform.kz
ӘДЕБИЕТ 16 ақпан 2018 г. 511 0