Шерлок Холмстың прототипі кім?

 1887 жылдың желтоқсаны. Патшалық клиниканың дәрігері Жозеф Белл өзінің 50 жасқа толған мерейтойын атап өтуде. Бұл күні мерейтойға келуші қонақтар әдеттегіден әлдеқайда көп. Дені Жозеф Белді бір көру үшін жиналғандар. Негізінен аңшылар ғана киетін қалпағын қабағына дейін түсіріп, шие ағашынан жасалған темекі мүштегін тұтатып, үнсіз ойға шомылған дәрігер бұл дүрбелеңнің неден пайда болғанын жақсы біледі. Көптің үні бір, қояр сұрағы жалғыз: «Қадірменді Жозеф, сіз Шерлок Холмстың прототипісіз бе?»...

Жозеф Белл

...Бала күнімде анам жиі аңыз-әпсәналар айтушы еді. Сол әңгімелер тасқа таңбалағандай санадан еш кетпейді екен. Соның бірінде құйрығы шорт кесілген ақсақ түйесін жоғалтып алған бай туралы оқиға кездеседі. Жоқ іздеп келе жатқанда әлгі кейіпкердің алдынан үш жолаушы кезігеді. Амалы құрыған бай басындағы қайғысын қасындағыларға айтса керек. Сонда жолаушылар: - Түйеңнің құйрығы шорт кесілген бе? - деп сұрайды. - Иә. - Ақсақ па? - Иә - Жоқ, онда біз сенің түйеңді көрген жоқпыз, - дейді. Ызаланған бай: «Әй, егер көрмесеңдер оның құйрығы шорт кесілгенін, ақсақ екенін қайдан біліп қойдыңдар», - деп кесіп сұрақ қояды. Сонда жолаушылардың бірі із кескенін мойындайды. Жолда үш аяғын нық бір аяғын сылтып басқан түйенің ізін байқадық. Жапасын алысқа тастаған екен. Екінің бірі елей бермейтін детальдар арқылы жоғалған малды жазбай таныған үшеу байды дұрыс бағытқа бастап жібереді-мыс. Иә, бір ғана ізге бола осынша дүниені қайдан білді деп қатты таң қалғаным есімде. Тіпті біразға дейін әлгі үшеуін ұры екен деп ойлап жүрдім... Кейінірек ақыл тоқтатқан соң Сэр Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмс хикаялары» атты туындысын оқыдым. Есіме сарт етіп әлгі оқиға түсті. Кейінірек Шерлок Холмстың жазушы қиялынан туындаған кейіпкер екенін, өмірде мүлде болмағанын естідім. Сенгім келмеді... Қанша дегенмен бұл туындының өзіме қатты әсер еткені рас. Біріншіден – сюжеттің шиеленісі, екіншіден – балалық ностальгия. Алайда Шерлоктың өмірде болмаған кейіпкер екендігі көкейіме қонбай-ақ қойды. Арнайы жасалған зерттеу десем – өтірікші болғаным, оңтайлы сәттердің бірінде Артур Дойлдың өміріне қызығушылығым артты. Ең бірінші аңғарған дүнием, «Шерлок Холмстың» жазылғанына 130 жыл уақыт толған екен. Бір жарым ғасырға жуық уақыт өтті. Ол әлі күнге әлемдегі ең танымал кейіпкер. Сонымен, зерделей келе Сэр Артур заманындағы ең ықпалды деп саналатын отбасынан шыққан текті адам екенін анықтадым (негізінен бұл маған ғана жаңалық болуы мүмкін). Танымал жазушы қолына қалам алмас бұрын дәрігер болған екен.


Сэр Артур Конан Дойл


Енді заңды бір сұрақ туындайды. Мейлі миллион жерден талантты болса да, дәрігерлік жұмыстан қолы қалт етпейтін жазушы тыңшының өмірі, детальдың маңыздылығы, қырағылық деген қасиеттің осыншама құдіретке ие бола алатынын қайдан білді? Бәрібір әлдене әсер етуі керек емес пе? Тым құрығанда түс көруі керек. Тым құрығанда ауыр сырқатта жатып ойлануы керек. Алайда, ақиқаты дәл мұндай шытырман емес екен. ...Шындығына келгенде шытырманға толы ең танымал туындының бас кейіпкері – бар болғаны дәрігер болып шықты. Сол мансапты таңдап алған әккі қаламгердің жетекшісі. Есімі – Жозеф Белл. Ең қызығы сол Жозеф Белл Дойлдар отбасының жеке дәрігері болған. Артурдың бала күнінде оның үйіне жиі келетін арықша келген, жас та болса атағы ел арасына тараған, жүзі салқындау дәрігер. Өмір оларды араға қаншама жылдар салып Эдинбург университетінде қайта қауыштырады. Кездейсоқтық деп ойлайсыз ба? Артур Дойлдың бұл детективті жазуға түрткі болған сәті туралы мынандай естелігі бар. Оқиға Жозеф Белл өткізген сабақтардың бірінде болса керек: Бірде Жозеф студенттердің алдына емделмек болып келген адамды шығарады. «Ал болашақ дәрігерлер, мына адам қайдан келді? Қай жері ауырады?» – деген сұрақ тастайды ортаға. Студенттер тарапынан сан түрлі жауаптар естілген. Алайда, Жозефтің көңілі толмағаны бірден байқалды. Сәл үнсіз тұрып ол: «Бөлмеге кірген бетте азамат бас киімін шешкен жоқ. Демек ол жұмыс істеген орында бас киім шешу мәдениеті жоқ деген сөз. Бұл орайда біз қай мамандық иелері бас киімін шешпейтінін анықтауымыз керек. Демек ем іздеуші – әскери адам. Оның алғашқы симптомдары әскери адамның безгек ауруына шалдыққанын көрсетеді. Ал қазіргі таңда безгек ауруы Барбадос өңірінде белең алып тұр. Демек біздің алдымызда Барбадос өңірінен келген әскери адам тұр», – деп аяқтайды сөзін. Ешқандай әпсана есіңізге түспеді ме? ...Сонымен Біз Шерлок Холмстың кім екенін анықтағандай болдық. Бірақ ол туралы не білеміз? Бір ғана дәрігерлік мансап Жозефті мұншама дарынды ете алды ма? Егер сізді де осы сұрақтар мазалаған болса, Жозеф Белдің нақтылай келгенде атақты Шерлоктың әлемінде хош көрдік... Сонымен, 1837 жылдың 2 желтоқсанында Белл есімді патшалық клиника дәрігерінің отбасында Жозеф есімді бала дүниеге келеді. Жозеф бала күнінен әр нәрсені аңдап, оны тереңдей зерттегенді ұнатқан екен. Күріштің бойы кіндіктен келген шағынан бастап болашақ прототип өзінің дәрігер болатынын нақты білген. Оның пайымдауынша неғұрлым өресі кең болса, соғұрлым өз пациенттеріне мол көмек беруге мүмкіндігі ашылады. Осы ұстаным оның жан-жақты дамуының алғашқы сатысына алып келеді. Жозеф гумманитарлық ғылымдарға да өте епті болып өседі. Тіпті кезінде әңгіме жазып, өз оқырмандарын тауып үлгерген екен. Алайда ол өз жолын медицина мен химия саласына бұрады. Оның ең алғашқы тұщымды еңбегі белгілі улардың адам денесіне тарау процесін зерделеумен басталған. Қай удың қалай тарайтыны, қалай улайтыны, қандай себеппен өлімге әкелетіні туралы мол деректер жинайды. Бұл процесс болашақ дәрігердің елеусіз детальдардың қаншалықты маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Оның қырағылығы да осы кезден айшықтала түседі. Дәрігерлік жолға енді келген кезде Жозеф әр ауруды зерттей бастайды. Ол үшін ақша, мансап дегендер аса қызығушылық тудырмаған. Сондықтан ол ақша төлеуге шамасы жетпесе де, сырқаттанушы қаладан аулақта болса да емдеуден еш бас тартпаған. Оны қозғаушы күш әлгі кішкентай детальдың қаншама әлемді ашатынын дәлелдеу процесі еді. Сондықтан ел арасында сырқатқа бір қарап оның қайда жұмыс істейтінін, қайдан келгенін, қай дертке шалдыққанын анықтай алатын жас дәрігер туралы аңыз тарай бастайды. Даңқының зор болғанын жергілікті тәртіп сақшылары заманының ең озбыр әрі ақылды қылмыскері «Жек Потрашителді ұстау» операциясы барысында Жозефтен көп мағұлмат алып отырғанынан-ақ білуге болады. Жозеф Белл санасы ерек жетілген тұлға. Сондықтан маңайындағы адамдармен араласу – ол үшін азап болса керек. Жозеф көбіне дараланып жүретін. Тіпті, реті келгенде апталап үнсіз ойға шоматын кездері болған. ...Эдинбург университетінің қабырғасында тамаша әңгімегөй болып танылып келе жатқан талантты жазушы құпиясы мен сыры ашылмаған данышпан дәрігермен бір қабырғада етене қызмет етуі «Шерлок Холмс хикаялары» туындысын жазбауына амал қалдырмаса керек.


Шерлок Холмс


...1887 жылдың желтоқсан айы. Жозеф Белдің туған күні қарсаңында заманының ең талантты жазушысы Сэр Артур Конан Дойл «Шерлок Холмс хикаялары» деген атпен өзінің тұңғыш детективті-романын жарыққа шығарады. Романды оқыған Эдинбург университетінің студенттері бірден Шерлок Холмс қалыптаған образдан Жозеф Беллдің бейнесін көреді. Бұл оның өзінің дүниетанымын түгелдей өзгертіп жіберген ұстазына жасаған сыйлығы еді. *** «Қадірменді Жозеф, сіз Шерлок Холмстың прототипісіз бе?» деген сұраққа даңқты дәрігер: - Жоқ. Мен Шерлок секілді аса данышпан емеспін ғой. Шерлок Холмстың нақ прототипі Артур Дойлдың өзі болса керек, – деп жауап беріпті. ...Иә, бұл Жозеф Белдің қаншалықты ұяң әрі кішіпейіл болғанын көрсетеді. Алайда ол шәкіртінің еңбегі үшін үнемі алғыс білдіріп келген. Сөйткен Жозеф Белл, әдебиет тарихындағы ең атақты кейіпкер 74 жасында дүние салды. P.S.: Қазіргі таңда «Шерлок Холмс» кино саласында да ең танымал кейіпкерге айналып үлгерген. Ресей, АҚШ, Британ елдері роман желісімен жарыса кино түсіріп келді. Детективті брендке айналған кейіпкердің аузынан жиі шығатын екі ауыз сөз бар. Әуелгісі: «Уатсон, бұл айдан анық қой!» (это элементарно, Ватсон!), - дегені. Ең қызығы бұл сөзді режиссерлар өздері қосса керек. Кейінгісі: «Сіз бәрін көріп тұрсыз ғой, тек байқамайсыз», – дейтіні. Ең қызығы сол сабақ беру барысында Жозеф Белл дәл осы сөйлемді жиі қолданған екен.

Аян МЕЙРАШ


http://adebiportal.kz/kz/news/view/19719







ӘДЕБИЕТ 05 ақпан 2018 г. 395 0