Халықаралық жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды

Жуырда белгілі сатирик Қазыбек Әшірбекұлы Халықаралық жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. 

Қаламгер Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына қарасты Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының мүшесі. Ол – ширек ғасыр Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында әртүрлі жауапты қызмет атқарған отставкадағы ішкі қызмет майоры. Қ.Әшірбекұлы «Күлкі керуен»,  «Ұрт пен мұрт», «Жебе» сияқты сатиралық шығармалардың авторы. Сондай-ақ, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауы бойынша белгілі жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлде үшін сайыста көркем туындылары үздік деп танылған. 

Бүгін бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз.


ЖАН СЕРІКТЕРІМ

Талап – менің тал бесіктен құрдасым,

Үміт – менің үнемі шын сырласым...

Жаймен, үнсіз сыбырлайды санама,

Шындығында, біле алмадым шын жасын.

Талант мені таныстырып бақытпен,

Талай рет таластырды уақытпен...

Қағаз бенен қалам беріп қолыма,

Мезгіл мені мазалады шабытпен...

Шарықтап тым шықпаса да дерегім,

Халқыма да болып қалар керегім, –

Деген оймен жазып жүрмін бірдеме,

Біреу мүмкін табар-ау деп керегін.

ӘДЕМІЛІК

Қазақта керемет көп кәде-қылық

Сыпайылық, сыйластық, әдемілік.

Адалдық пен кең пейіл, имандылық,

Кісіні көрсетеді әдемі ғып.

Босқа әдемі болудың керегі жоқ,

Бұндайлардың бұрыннан дерегі жоқ.

Түсі әдемі болғанмен, ісі әдепсіз,

Ондайлардың кісіге керегі жоқ!

АНА ТІЛІҢ – ҰЛЫ ТІЛ

Білген дұрыс көп тілді,

Көп тіл білген – көп білді...

Көршінің тілі кезінде,

Дүниенің кілті деп білді.

Үйренейік деп тілді,

Болмақшымыз көп тілді...

Өз тіліңді ұмытпа,

Үйренгенмен шет тілді.

Ана тілің – Ұлы тіл,

Тегіңнің төлқұжаты.

Өксітпесін, бұны біл,

Өзгенің енді сызаты.

КІМ НЕШЕ АТАСЫН БІЛЕДІ?

Балташ бір атасын біледі,

Тек ол тірі атасын біледі.

Ерік екі атасын біледі,

Серік жеті атасын біледі.

Бес пен он жас арада,

Жеті атасын балаға,

Біліп өссін десеңіз,

Сіңдіріп қой, санаға!..

Өмір – өзен...

Өмір – өзен,

Ағып жатқан жылғамен...

Тіршіліктің тәңірісің,

Тынба сен...

Шөл далаға айналдырып жер бетін,

Келешекте сіңіп кетпе құмға сен.

Тіршіліктің тәңірісің,

Тынба сен!..

ҚАРАӨЗЕК – ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ

(туған жер туралы ой-толғау)

Қараөзегім болатын құтты мекен,

Көк шалғыны кілемдей түкті мекен.

Көлдеріңнің шөлдерге айналарын,

Келешектен кім білсін күтті ме екен?!

Туған жердің тоғайы ну болатын,

Шалқар көлдер шалқыған су болатын...

Құс базары көлдерде күнде қызып,

Шағалалар шаңқылдап шу болатын...

Аққұтан мен әупілдек, бірқазаны,

Аққу, қаздың қайнайтын «жыр» қазаны...

Осы кезде орнында ойпат қалып,

Көптен қақсып көлдердің тұр қазаны.

Жыл құстары оралып жатқан шақта,

Жалтақтап көп қарадым аспан жаққа...

Аққу түгіл көкте үйрек көрінбейді,

Қара бауыр кәдімгі қасқалдақ та.

Аралдың сіңлісіндей Айнакөлім,

Айқайдай ірілі-ұсақ майда көлім...

Бөрібай, Қораз, Талды, Шөгірлімін,

Ауызкөл, Қарарындай қайда көлім?!

Сонда да туған жерден ел кеткен жоқ,

Қыс-жазы төрт түліктен төл кеткен жоқ.

Қаһарман Қараөзектің қайсарларын,

Каналы Сауранбайдың шөлдеткен жоқ.

Енді былай бұрайын сөз кезегін,

Округ орталығы – Қызылөзегім.

Үш ауылдың ұйытқысы болып тұрған,

Мақтан тұтар тұрғындар Қызылөзегін.

Қол қусырып отырмас бір қазағым,

Келелі кәсіп істеп жүр қазағым...

Солардың сағын ешкім сындыра алмас,

Сан түрлі сыннан өткен Сыр қазағым.

Қайсарлардың ауқымды кең істері,

Баяғы батырлармен тең істері.

Қазіргі жасап жатқан кәсібінің,

Білеміз, жаман емес жемістері.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ӘДЕБИЕТ 27 қаңтар 2018 г. 239 0