АҢСАР КӨҢІЛ

Дәуірхан – руханияттың адамы. Жо-жоқ. Мамандығы бұл сала емес. Мүлдем басқа, өндіріс, құрылыс жағы. Солай бола тұра, рухани дүниеге өте жақын. Ішкі сарайы сайрап тұр. Әдебиетіңіз бен мәдениетіңізді, өнеріңіз бен өлеңіңізді сараптап, талдағанда алдына шығар жандар аз. Анау-мынау филологыңыз бен культорологыңызды шаң қаптырып кетеді. Қолынан кітап пен газет түспейді. Оларды оқымаса, бір нәрсе жетпей тұрғандай болады. Жетпегені сол, тіпті өзін аш адам сияқты сезінеді. Сонан да ақшаның реті келсе, дереу кітап дүкендеріне барады. Ондағы сатушы қыздар да мұны жақсы танып алған. Есіктен кірген бойда:
– Келіңіз аға, келіңіз, жақында мынадай, мынадай кітаптар түсті, - деп жаңа әдебиеттерді ілтипатпен ұсына бастайды. Ағаларының, әсіресе поэзияны сүйетінін білетіндері:
– Мына қараңыз, аға, Айбергеновтің «Бір тойым барын» қайта басыпты, Тұманбай мен Қадыр ақындардың көптомдығы түсті. Мына жинаққа Мұқағалидың бұрын еш жерде жарияланбаған жырлары енгізіліпті, - дейді.
– Қане, қане, бұл бір тамаша жаңалық қой. Еш жерде жарияланбаған өлеңдері дейсің ба? Әлі де жарық көрмеген дүниелері бар екен-ау, ә? Ой, мұзбалағым-ай! Ой, таусылмас қазынам-ай!
Сонан кітапты жылдам парақтап, ақынның жаңа жырларын көріп, жүрегі жарылардай қуанады. Сол қуаныш құшағында тұрып біраз өлеңді оқып та алады.  «Ту-у, неткен керемет, мына тамаша туындыларды осы уақытқа дейін білмей жүрдік, ә? Қанша нәрседен құр қалғанбыз...»
– Айналайындар, бүгін мені бір байытып тастадыңдар. Рақмет сендерге. Қой, кетейін енді. Тезірек барып мына шәрбаттарды сіміріп, сусынымды қандырайын. Көптен бері шөліркеп жүр едім, - дейді есеп айырысуға ыңғайланып.
Үйге жеткесін жағдай белгілі. Қаталап келіп қайнар бұлаққа бас қойған түліктей мейірленеді. Қайта-қайта оқып, қатты ұнаған өлеңдерді жаттап алады. Әдейі жаттайын демейді, өзінен-өзі солай, сана қатпарында қатталып, тіл ұшына оралады. Ғажап! Мұндай сәттері ғажап күй кешеді. Көңілінің қалауы табылып, әлгі жетіспей тұрған олқылықтың орны толғандай болады. Жаны рахаттанады. Өзін сондай бақытты сезінеді, бай сезінеді.
Мұндай керемет күйді Дәуірхан тек жаңа кітаптар оқып, жақсы жырлар жаттағанда емес, өзге де өнер туындыларымен көзайым болғанда да басынан кешіреді. Әсіресе сурет. Өнердің сойы ғой. Бояуларды «сөйлетіп», қылқаламның ұшымен адам қиялының шексіздігін бейнелейтін суретшілердің талантына Тәңірдей табынады. Олардың айшықты туындыларын көргендегі алатын әсерін айтпаңыз. Ұшан-теңіз! Өзге бір әлемге еніп кеткендей болады. Өзге демекші, осы ағайындардың өздері де бір болмысынан бөлек, ерекше халық. Былайғы жұрттан әңгімелері де, порым-пошымдары да, пайым-түсініктері де басқаша. Сондықтан ғой, мұның көңілі көшкен елдің жұртындай болып құлазып, қу мекен, қу далада қалғандай, біртүрлі, түсініксіздеу күй кешкенде қылқаламшылар шеберханасын жағалап кететіні.
 Бұл жерде басқаша әлем, әдемі әлем, сырлы да нұрлы әлем. Жансарайы ашылып, санасы сәулеленіп сала береді. Өмірді көреді. Иә, иә мұндағы әр сурет өмір жайлы, тіршіліктің тоқтаусыздығы мен таңғажайыптығы турасында сыр шертіп, қиялына қанат бітіреді. Бұл осылайша «өмір күйін ойнаған» туындылармен сырласып, ләззат теңізіне шомылып тұрғанда Көркемтай суретші:
– Дәуке, сол тұстағы картиналарға ұзақ үңілдіңіз ғой, ұнады ма?-дейді.
– Иә-иә, ұнады, ұнағанда қандай! Керемет, керемет! - дейді бұл сүйіспеншілігі мен таңданысын ірке алмай.
– Тіпті рахаттанып тұрмын. Не деген керемет көріністер! Сірә, жаңадан салғансың-ау?! Бұрын байқамаған едім.
– Иә, бұл соңғы кездегі жұмыстарым. «Дүбірлі дүние» композициясы бойынша жазылған.
– Ым-м, өзім де ойлап тұр едім, бір тақырып аясында  топтастырылған шығармалар ғой деп. Суреттер бір-бірін толықтырып, айтайын деген ойдың мазмұн-мағынасын ашып, тамаша үйлесім тауып тұр, ә?! Тамаша, тамаша!
– Солай көріне ме? Әр жұмыстың мағынасы белгілі болып тұр ма?
– Әрине, мына суреттердің әрқайсысының астарында үлкен ой, терең философия жатқанын түсініп тұрмын. Көріп тұрмын.
Е-е, Дәукем-ай, сіз түсінесіз ғой, ал басқалар... көп адам ұға бермейді оны. «Мынау не сызық, баттасқан не бояу. Былай түсініктірек, анығырақ етіп салмайсыңдар ма?» деп күйдіреді ғой. Ал бейнелеу өнері деген көрген, білген нәрсеңді, жалпы өмірді сол күйінде айнытпай көшіріп салып беру емес. Ол – сыры мен сиқырын,тұңғиық тереңдігі мен аспанмен тілдесетін биіктігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес мың қатпарлы өте күрделі өнер.
– Иә, әрине, меніңше сурет дегенің өнердің ішіндегі мұзарт шың. Оны бағындыруға қылқалам ұстаған екінің бірі емес, оннан бірдің мүмкіндігі келмейді.
– Өте дұрыс айтасыз.Ол шыңды бағындыру оңай еме-е-ес. Мұзарт шың түгілі, қарапайым таудың биігіне жете алмайтындар қаншама?! Бір ғана бояу... түстің құпия қасиеттері... Мұның өзі тұтастай бір ғылым. Басқаны айтпағанда, әр адам – бір бояу!
– А-а, бұл қызық екен.
– Дәуке, сіз білесіз бе, әйгілі Гете, әлем әдебиетінің жауһары «Фаусттың» авторы ше, «Ақын аз жазып, көп сурет салуы қажет» – депті. Сол шайырыңыз және бояудың табиғатын мұқият зерттеп, ғылыми түрде жүйелеп, түстің теориясын жазған.
– Апырмай–ә, мынауың тіпті қызық екен. Ту-у, Көркемжан-ай, осындай әңгімелерің мен мынадай ғажайып дүниелерің ғой мені адам қылатын...
– Шынында, өңіңіз кірейін деді. Әлгінде жағыңыз қуарып, еңсеңіз түсіп келіп еді.
– Көркемжан, осы сенің суреттеріңнің емдік қасиеті бар ма деймін. Басымның тұманы сейіліп, көзім шайдай ашылып, көңілім сергіп сала берді ғой.
– Ха-ха-ха! Ай, аға, сізде қатырасыз-ау. Жаңағы көріп тұрған полотноларыңызды жарық пен көлеңкенің дірілін пайдалана отырып жазғанмын. Бойыңызға күш-қуат құйып, тынысыңызды кеңейткен табиғаттың көзге көріне бермейтін сол кереметі шығар. Сізге берілген ғой.
– Апырмай-ә, апырмай-ә!
Дәуірхан бұл сөзге онан сайын айран-асыр қалды. Расында, солай ма екен? Не болғанда да әйтеуір астарына терең мән, жұмбақ сыр бүккен суреттер мен суретшілердің өзгеше ой-тұжырымдары мұның «жаны», жүрегінің қалауы.
Ал музыка жағы ше? Адам қабілетінің тағы бір таңғажайып көрінісі – мәртебелі музыкаға бұл пақырыңыздың бүйрегі қалай бұрады дейсіз ғой. Атамаңыз! Бүйрегі бұрғаны сол, кейде ән тыңдағысы, күй тыңдағысы келіп «шабыты ұстағанда» ел кезіп кететіні бар. Иә, жанын қоярға жер таппайды ондайда. Беймаза көңілі қалаған әуенін естімейінше еш тыншымайды.
Міне, кешеден бері де Сүгірдің «Қосбасарына» аңсары ауған. «Қосбасар» – Созақтың зары. Бір ғана Созақ өңірінің емес, мұқым елдің мұңы, заманның зары. Сүгір күйшінің жан жарасы. Құлағында, жо-жоқ құлағында емес, кеудесінде, әлде ми қатпарларында домбыраның зар төгіп бебеулеген қоңыр үні. «Қой, ұмытайын, ойымды өзге нәрсеге аударайын, әпендіге ұқсамай, тентіремей жұмысымды істейін» – деп қаншама әрекеттенсе де, онысынан түк шықпады. «Қосбасардың» жүректі  жаншып жіберетін мұңды сазы үйіріп соққан желдей қайта-қайта санасында жаңғырып, бебеулеп қоймады. Сол сазды тыңдауға ынтықты. Өлердей ынтықты. Ісі түк өнбеді.
Көңілінің аңсар-тілегі орындалмайынша тір¬лігінде береке болмайтынын түсінген Дәуірхан қалған шаруаны қасындағы көмекшісіне тапсырып, құрылыс алаңынан жылыстай берді. Бағыты – қаланың қақ ортасындағы музыка училищесі. Сонда туысқан қарындасы Нұргүл бар. Домбырадан сабақ береді. Консерватория тауысқан. Әй, өзі де мықты күйші-ау. Талант. Нағыз талант! Мұның риза болатыны – базбіреулер сияқты домбыраны оңды-солды сабалай бермейді және пернелерді көз ілеспес жылдамдықпен басып «қуып» тартпайды. Күйдің тұтас табиғатын сақтап байыппен мазмұнды тартады. Жүрегімен тартады. Жанын «жеп» тартады. Ал мұның сүйетін шертпе күйлеріне қажетті қасиет те осы. Сонан да күй тыңдағысы келген, жан дүниесі қос ішектің күмбірін қалаған осындай аңсарлы сәттерде Нұргүлді іздейді. Жақсысы – қарындасы меселін қайтармайды. Өзі сыйлайтын ағасының күйтілеген көңілін түсінеді. Тағы бір жақсысы – бұл жерде мектептегідей көп оқушы болмайды. Үш-төрт, кейде тіпті бір-екі баланы үйретіп жатады. Сонан мұны көрісімен сабағын тезірек аяқтап немесе шәкірттеріне тапсырма беріп қойып қонағының «арманын» орындауға кіріседі.
Әуелі жеңіл күйлерден бастайды. Сосын ағасы тәуір көретін кесек туындыларға түседі. Дәулеткерейдің «Көроғлысы» кетеді бебеу қағып. Не деген саз! Не деген ғаламат үн! Жүрегіңді жұлып-жұлып жібереді. Онан соң Сүгірдің «Бозінгені» боздайды. Ботасынан айырылған аруананың зары аза бойын қаза қылады.
– У-уһ, - дейді бұл әлден уақытта демін зорға алып, есін жиып. Қандай ауыр күй еді?! Ойсыл қара тұқымы өксіп, боздап тұр ғой  тура, боздап тұр. Домбыраның құдіретінде, күйшінің шеберлігінде шек жоқ, ә!
– Айтпаңыз. Байқайсыз ба, Сүгірдің күйлері неге соншалықты әуезді, терең, бояуы басым. Оның әр шығармасын тебіренбей, толқымай орындау мүмкін емес. Жаныңа сондай жақын. Өйткені ол күйлерде қобыздың үні бар.
– А-а, әйтеуір өзге композиторлардың күйлерінде кездеспейтін ерекше бір әуезді дыбыс бар. Сол қобыздың үні екен ғой.
– Иә, Сүгір Ықыластың шәкірті болған. Бала кезінен Ықыластың күйлерін тыңдап, орындап, қобыз сарынын жүрегіне ұялатып өскен. Домбыраның үнін қобыз үніне жақындатып, толғай тартқан. Ал кейбір туындыларында қобыздың сарыны тіпті басым. Бұл шертпе күй шеберінің өзіндік қолтаңбасы, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас өрнегі. Мысалға міне, «Аққу» күйін тыңдап көріңіз.
Нұргүл осылай дейді де домбырасының құлағын келтіріп алып «Аққуды» сызылта жөнеледі...
– Пай-пай-пай-пай! Неткен нәзіктік! Неткен лирика! Терең иірімді лирика. Көз алдыңа мөлдіреген айдын көлде еркелей жүзген аққу мен тұмса табиғаттың тамылжыған сұлулығы елестейді. Қос көріктіні, бірін-бірі толықтырып, әдемі астасып, жарасып тұрған сұлу көріністі қобыз үніне ұқсаған домбыра «тілімен» қалай бере білген десеңші! Ғажап! Ғажап!
Бұл өйстіп таңғалып, тебіреніп, жан сезімін билеген үлбірек әсерден айыға алмай уылжып отырғанда тыныштықты Нұргүл бұзады.
– Аға, - дейді ол мұны селк еткізіп.
– Аға, Сүгір бізге осындай алтын қазына-шедевр шығармалар ғана сыйлап қойған жоқ, ол кісі бізге Қорқыттан кейінгі майталман күйші-қобызшы Ықыласты жеткізді. Зерттеуші музыкант ғалымдар: «Сүгір болмаса, Ықылас бізге келер ме еді, жоқ па еді?» – дейді. Иә, шындығында Сүгір Әліұлы қазаққа Ықылас Дүкенұлындай вертуозды сыйлаған. Керемет қой, ә!
– Әрине, керемет. Мирастықтың, сабақтас¬тық¬тың қайталанбас үлгісі ғой бұл. Ұстаз аманатына адалдықтың жарқын көрінісі. Ал осы Сүгірдің күйлерін беріге жеткізуші оның шәкірті Жаппас Қаламбаев емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Сүгірдің туындыларын ең алғаш халық арасына таратушы Жаппас Қаламбаев. Сүгірдің күйлерін түсініп тартатын, өзіндік өрнегімен, ерекше иірімдерімен құлпыртып, жандандырып тартатын бірден-бір өнер иесі –  осы кісі екен.
– Иә, білем, бұл туралы оқығам. Қаламбаев та шашасына шаң жұқтырмас шебер қобызшы болған ғой.
Ендігі сәтте екеуі де үнсіз қалады. Күйші де, тыңдаушы да айтылған әңгіменің ауанынан шыға алмай отырғандай.
– Үлкен бір ойға түсіп кеткен сияқтысыз, аға, қайтпайсыз ба? - дейді қарындасы сәлден соң.
– А-а, иә қайтам, қайтуым керек. Тек жаңағы өздері де, соңынан ерген шәкірттері де асқан күйші, асқан қобызшы, домбырашы болған өрен жүйріктер жайлы ойлап отырғаным ғой. Ықылас... Сүгір... Жаппас... А, айтпақшы, Ықылас күйші туралы тамаша кітап бар. Ілия Жақановтың «Ықылас» деген романы. Оқыған шығарсың. Оқыдың ғой, ә?
– Ж-о-оқ. Оқыған жоқпын.
– Қой, ол кітаптың шыққанына біраз болды. Қалайша оқымадың? Бұның дұрыс емес. Онда екеуміз дос болмаймыз. Сенімен сөйлеспеймін.
– Айыптымын, аға, айыптымын. Айыбымды жуып бір күй тартып берсем, қалай қарайсыз?
– О, мұның жөн енді. Өзімнің де сусыным қанбай отыр еді.
– Қандай күй тартайын?
– Әбікенді тыңдайыншы. Әбікеннің «Қоңырын» тартшы.
– Жарайды, аға, дегеніңіз болсын.
Дәуірханның шертпе күйлердің арасындағы мазмұны бай, бояуы қанық, терең сазы тұңғиық ойға батырып, жаныңды баурайтын ерек туынды – «Қоңырмен» «табысуының» өзі бір тарих. «Қарғаның бір көзі оқта, бір көзі боқта» демекші, мұның ақтарғаны кітап, аңдығаны газет-журнал емес пе? Бір күні әдеби басылым бетіне талантымен топ жарып, қара үзген, қазіргі күнгі күй аспанының жарқыраған жұлдызы Секен жайлы етектей мақала шықсын. Сонан ал кеп құныға оқысын. Өнер өлкесінен сыр шертетін мұндай жазбалар «көктен іздегені» ғой бұның. Оның үстіне күйлерін тыңдағанда рахатыңыз не, тура жұмақтың төріне шыққандай хал кешетін ең сүйікті, ең аяулы композиторы хақында болса...
Хош, сол мақалада Секен Алты алашты ғана емес, дүйім түркі жұртын тәнті еткен «Көңіл толқыны» қалай шыққанын айтыпты. «Мен шертпе күй шебері Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» деген күйін қатты ұнаттым. Оған өлердей «ғашық болдым». Көп жыл бойы «Қоңырмен» ауырдым. Сол сырқатымнан «Көңіл толқынын» шығарып барып айықтым» – депті.
Мәссаған! Міне, қызық! Мұның жалғыз мұның емес, талайдың шығар көкейін тескен сауалдың жауабы. Иә, «Көңіл толқынын» әр тыңдаған сайын: «Осы заманда да он тоғыз перне, екі ішекпен осындай теңдессіз дүние туғызатын хас шеберлер бар екен-ау, ә?! Тәуба! Тәуба! Кешегі өткен Тәттімбет, Сүгір, Тоқа, Төлегендердің жалғасы бар екен. Шүкір. Қазақтың күй қазынасына қосылған тағы бір саф алтын болды бұл. Апырмай, өліп қалған жүрекке жан бітіретіндей осынау кереметті қалай шығарды екен?» деп ойлайтын. Сөйтсе, оған себеп – «Қоңыр» екен. Әбікеннің «Қоңыры» екен. Тоқта, тоқта, Секендей сұңғыланың сезімін жаулап, есін алған, тіпті Мәжнүндей құса қылуға айналған, алайда сол азаптың, сол тәтті азаптың нәтижесінде «Көңіл толқынындай» ғажапты туғызған «Қоңыр» қандай күй? Қызығы, қызығы емес-ау, ыңғайсызы бұл  «Қоңыр» деген күйді білмейді екен. Оны айтасыз, тіпті Әбікен Хасенов атты күйшіні де естімепті. Ұят-ай! Ұялғанымен тұрмай, ал енді кеп «Қоңырды» тыңдағысы келсін. Әбікен жайлы білгісі келсін. Сонан салып ұрып өзі жақсы танитын Нұрмұрат күйшіге барды. Сөйтсе, домбыраның құлағында ойнап, концерттерде көпшілікті күмбірлеген күйімен риза қылып жүрген жігіт «Қоңырды» тартып көрмепті. «Мүмкін филармониядағы Қайыржан білер, оның репертуары өте бай»  деді Нұрмұрат. Айдап отырып филармонияға келді. Сұрастырып жүріп Қайыржанды тапты. Бірақ не пайда, «Қоңырды» бұл да білмейтін болып шықты.
– Қап, енді не істесем екен? - деп қиналып тұрған мұны аяп кетсе керек:
– Тұра тұрыңыз, оркестрдің домбырашысын шақырып келейін, үлкен кісі ғой, білетін шығар, - деді Қайыржан.
– А-а, жақсы болар еді. Иә, үлкен кісі болса, білетін шығар.
Сәлден соң Қайыржан ұлттық киім киген, қолында көненің көзіндей домбырасы бар адамды ертіп келді. Оны көрген бойда Дәуірханның көңілінде үміт оты маздады. Үнемі телевизордан  көріп жүрген кісі. Мықты күйші. Бұның білмейтін күйі жоқ шығар, сірә.
– Қарағым, қандай күй керек? Кімнің күйі?
– Ассалаумағалейкүм! «Қоңыр» ғой. Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» деген күйі.
– Мен осы жерде қырық жылдан бері жұмыс істеймін. Тартатыным – кәдімгі Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, сосын өзіміздің өңірден Әлшекей, Мырза, Жалдыбай, Қазанғап, Құрақтың Досжаны мен Исламбектің күйлері. Басқасын білмедім. Кешір, қарағым. Репетиция болып жатыр еді. Мен бара берейін.
Ол бұрылып жүре берді.
Осыдан кейін мұның алаңсыз үміті үзілді. «Қоңыр» қол жеткізбес арманға айналды. Ал училищедегі Нұргүл қарындасынан мүлдем үміттенген жоқ. Өйткені «Көптің алдына шығып концерт беріп, телевизордан түспей жүрген үлкен-үлкен әртіс домбырашылар тартпаған күйді оқуды кеше ғана бітіріп келген жап-жас мұғалім біледі дейсің бе?» деп ойлады. Бірақ көкейінен «Ту-у, шіркін-ай, «Қоңырды» бір рет тыңдап көрер ме еді. Қандай күй екен? Сазы терең де сұлу, ойлы дүние шығар. Секен жайдан-жай табынған жоқ қой оған» деген пікір кетпеді.
Өстіп не істерін білмей, күйді тарта алатын адамды қалай табарын білмей, мазасы қашып жүргенде бір жексенбі күні көшеде Нұргүл жолықсын. Көптен көріспеген туыстар шүйіркелесе кетті. Екеуі үй ішінің, жақын-жуықтардың, ағайынның амандық-саулықтарын сұрасып, жаңалықтарын айтып біраз тұрды. Қоштасар сәтте Дәуірхан «тым болмаса құлағында жүрсін, мүмкін тартатын күйшіні табуға септігі тиіп қалар» деген оймен әңгімесін айта салды.
Нұргүл жымиып басын шайқап тұрды да:
– Аға, ол күйді мен тартамын ғой, - деді.
– Сонша әуреге түскенше маған келмедіңіз бе, не мені талантсыз деп ойладыңыз ба, әлде менсінбедіңіз бе? Тіпті бұрын-соңды тартпаған күннің өзінде нотасын тауып алып шығаруға болады ғой. Мен соны жеті жыл оқыған жоқпын ба?
– А-а, не дейсің, «Қоңырды» тарта аламын дейсің бе? Шын ба? Шын ба, көкем -ау?
– Иә, шын. Әбікеннің басқа да күйлерін білем.
– Апырмай, ә! Айналайын-ау, мен сені әлі жас қой, бала ғой деп жүрсем...
Сонан не керек, «Қазір тыңдайыншы, қатты тыңдағым кеп тұр» деп қоймағасын Нұргүл үйіне ертіп кетті. Дәуірхан:
– Біздікіне барайық, жеңгеңе етті астырып қойып, шай ішіп отырып  рахаттанып бір тыңдайық, - деп еді:
 – Сіздің домбыраңыз жақсы емес. Оның үстіне «Қоңыр» анау-мынау аспапқа «көне қоятын» оңай шығарма емес. Өте күрделі күй, - деді Нұргүл.
Осылайша көктен іздегені жерден табылып «Қоңырды» тыңдады-ау, әйтеуір. Расында, иірім-қайырымдары мол, тереңнен толғайтын сырлы сазға тұнған күрделі туынды екен. Тебіренбей, толқымай тыңдау мүмкін емес. Қызығы – бұл күйді Дәуірхан бұрын да естіп жүрген. Радиодан. Бірақ атын білмейді екен. Жете мән бермепті. Сонан да шығарма табиғатына дұрыс бойламай, ұға алмапты. Енді міне, байыптап құлақ түргенде түсінді – ғажап, классикалық күй екен. Қалай осы уақытқа дейін осындай кереметті байқамаған? «Көрмес – түйені де көрмес» деген.
Сол күннен бастап бұл Нұргүл қарындасымен дос болып алды. Жүректің нәзік қылын қозғап күмбірлетіп, құйқылжытып, шертіп тартатын күйлері өз алдына, сондай-ақ өнер жайында айтатын әсерлі әңгімелері аз емес. Қанша дегенмен, сол салада оқығанның аты – оқыған, көзі ашықтың аты – көзі ашық. Нұргүл баяғы тұлымшағы желпілдеп домбырасын  «тыңқылдатып» жүретін бала Нұргүл емес, білімді маман, өзіндік ой-пайымы, көзқарасы бар азамат, шебер күйші болыпты. Бұл оның осы қасиеттеріне, осылайша қалыптасқанына, өскеніне қатты сүйсінді, риза болып, қуанды. Нұргүл бұның енді тек туысы емес, ойына – ой, ақылына ақыл қосатын, қиялына қанат бітіретін сырласына, пікірлес жолдасына айналды. Бұл Дәуірханға жақсы болды, өте жақсы болды. Бүгіндері көңнің арасынан алтын қазына тауып, үлкен олжаға кенелгендей халде.
Осы Нұргүл айтады: «Аға, сіздің ішіңізде бір өнер өліп кеткен» дейді. Таңғаларлығы – осыған ұқсас ойды Көркемтай суретші де айтқан. Ол: «Сіздің бойыңыздағы бір өнер жанбай қалған. Қайта ауып кетпей аман жүрсіз. Негізі адам бойындағы құштарлық, қабілет, талант өнердің бір түрі болып оған қонбаса – бұл өте қиын. Буады. Жынды қылады. Шоқ боп қарып, жаныңызды қоярға жер тапқызбайды. От боп өртеп те жібереді. Ал кейбіреулерді құса қылып өлтіреді. Сондай-ақ, өнері бар дарын иелері де оны дұрыстап ұстай алмаса, тап осындай күй кешеді. Азаптанады. Қасірет шегеді», - деген.
Шынында солай-ау! Бұның бойында бір емес, тіпті бірнеше өнер сыртқа шыға алмай, тұншығып өлген сияқты. Әйтпесе не, мамандығы құрылыс инженері, яғни, өнерге үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Сөйте тұра, суретте несі бар, әнде, жырда, күйде, сөзде несі бар? Тіпті кейде соларды аңсағанда, қалағанда, іздегенде есінен адасып кете жаздайды. Жұрттың көбі мұны «делқұлы» деп ойлайды. Расында, делқұлы! Туғанынан делқұлы. Олай болмаса, дені сау адам күй тыңдағанда жылайма? Жыламайды ғой. Ал мұның көз жасы дайын тұратын. Өзі кіп-кішкентай. Радиодан күй беріліп жатса болды, сабағын да, ойынын да тастай салып, қалт тұра қалып құлағын тосатын. Сонда о Құдірет, бойына бір нәр құйылып жатқандай болады. Саз бірте-бірте күшейіп, шарықтау шегіне жеткен кезде жүрегі елжіреп, буын-буыны босап, тамағына тастай бірдеңе кептеледі. Ал домбыраның қағысы төмендеп, екпіні баяулағанда еріксіз өксіп-өксіп жіберетін.
Бірде, жазғы каникулда, алыс ауылдағы нағашысының үйіне барды. Бір айдай болды. Сол кезде, неге екені белгісіз, кешке қарай жұрттан бөлініп, оңашаланып тамға кіріп алып жатады. Жәй жатпайды, әрине. Күй тыңдайды. Бұл үйде дөп-дөңгелек, үлкен-үлкен күйтабақтар бар. Соны шетінен қойып жіберіп рахаттанып тыңдайды. Рахаты сол, күй әуеніне еріп ағыл-тегіл болады. Екі көзге ерік береді. Әсіресе Құрманғазының «Кішкентай», «Кісен ашқан», «Көбік шашқан», «Қайран шешем», «Ақбай», «Аман бол, шешем, аман бол» деген шығармалары ойнағанда өзін-өзі тоқтата алмайды. Ауылын, әке-шешесін сағынғаны ма екен, жоқ әлде Құрманғазы атасының домбырамен жеткізген мұң-зарын, қасірет-наласын түсініп, бөліскені ме екен, әйтеуір күй басталғаннан кеудесін батпандай бір зіл басады. Сол зіл терең саздың ырғағымен ұлғая келіп көзінен жас болып парлайды. Және жуық арада тоқтала қоймайды. Күй жан жүрегін езіп, көкірегін тілгілеген сайын жанарының шарасынан ащы жас төгіле береді, төгіле береді.
Дәуірхан өткеніне көз жіберіп, ойлап отырса, жас кезінде, тіпті бала кезінде, мұның бойында өнерге деген құштарлық пен қабілет аз болмаған екен. Сәби шағында қолынан қалам түспейтін. Табылса, дәптердің парағына, табылмаса, жастықтың тысына, төсекжаймаларға, жапқыштарға шимайлап сурет сала беретін. Ал үйдің қабырғалары, қолы жеткен жерге дейін Дәукенайдың «картиналарымен» өрнектеліп тұратын. Кейін мектепке барғанда бұл «тірлігін» дамытып, көзге түсті. Қатарластарының көбінің дәптерін суретпен толтырып «бестік» баға алуларына көмектескені былай тұрсын, түрлі қабырға газеттері, класс бұрыштары, мұғалімдердің көрнекі құралдарын жасады. Ал жоғары сыныптарға  өткенде плакат пен лозунг жазуға машықтанып, мектепті бастан-аяқ қуыршақтай қылып безендіріп шықты.
Плакат қаламұшы мен борға батырылатын қылщетканы қолына ұстатып,онымен қалай жұмыс істеуді үйреткен – Жаңаберген ағайы. Бір бойында бірнеше өнері бар, жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын осы бір мейірімді ұстазын Дәуірхан өте жақсы көрді. Қаладан жаңадан оқу бітіріп келген ұзын бойлы, келбетті мұғалімнің киім киісінен бастап, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, барлығы-барлығы бұған қатты ұнайтын. Бұл соған ұқсауға тырысып, әрлеу мен өрнек салудың түр-түрін, плакат пен лозунг жазудың қыр-сырын меңгерді. Оны айтасыз, сол кісіге еліктеп өз жанынан өлең шығаратын болды. Және онысын жатқа соғатын.
Дәуірханның домбыраға деген құштарлығы бұл «өнерінен» де ерте басталған. Әркімнің аспабын сұрап алып талаптанып жүргесін әке-шешесі өзара ақылдасып қоп-қоңыр, әдемі домбыра сатып әперді. Мұның сондағы қуанғанын көрсеңіз. «Бітті. Мәселе шешілді, мен бұны тартатын боламын. Бұған дейін домбырам жоқ еді, енді міне бар. Қалайда үйренем. Саусақтарыңды перне бойымен деп ойлады жүгіртіп отырып күмбірлетіп күй төккен қандай тамаша! Неткен рахат!» деп ойлады.
Иә, бұның домбыра тартуға деген ынтасы күшті болды. Қолы қалт еткен бойда оңашаланып алып шертеді. Күн демейді, түн демейді. Сөйтіп ұзақ әуреленіп барып бір күйді әрең үйренді. Сосын екіншісін бастады. Арасында әлгі білетінін пысықтап, қайталап тартып қояйын деп еді, дым жоқ. Ұмытып қалыпты. Ой, өкінгені-ай! Жылап жіберді. Енді қайтсын. Қанша уақыт «тыңқылдатып» жүріп, терлеп-тепшіп зорға үйреніп еді ғой...
Мұнан соң, ұзыннан-ұзақ күй емес, әнді, ондада неғұрлым оңай, жеңілдеу өлеңдерді тартып көруге тырысты. Бұл да солай. Қинала-қинала әрең жаттыққанын келесі әнге көшкенде ұмытып қалады. Яғни, бірін білсе, бірі жоқ. Ал бар-жоғы бір-жар күн домбыраны қолына ұстамай қалса – нөл! Өзі де әбден шаршады. Сосын «үйретіңізші» деп «осы кісі көмектеседі-ау» деген үлкендерді жағалады. Бір адам білсейші. Мектептегі мұғалімдерден де қайран жоқ. Мақұрым.
Сөйтіп не істерін білмей қиналып жүргенінде бір күні үйлеріне ауылдың шетінде тұратын өзі дарақылау, көп сөйлейтін, жұрт «Зу-зу» атап кеткен шопыр ағайыны соқты. Келген адам  шаруасын бітірген соң сол бетімен кете берсейші. Жоқ, ол киіз үйдің ішінде аспабын «тыңқылдатып» отырған бұның қасына келіп:
– Дәукенжан, домбыра алғансың ба, кәне бір күй тартып жіберші, тыңдап кетейін, – деді.
– Жоқ, аға, тарта  алмаймын, енді үйреніп жүрмін, – деді бұл.
– Ы-ы, енді үйреніп жүрсің бе, үйрен, үйрен. Кім біледі, Құрманғазыдай атақты күйші болып кетерсің...
– Аға,-деді бұл осы кезде сөзді бөліп жіберіп.
– Аға,сіз маған үйретесіз ба,мен тү-ү-үк тарта алмай жүрмін. Қаншама әурелендім. Енді не істерімді білмеймін. Үйрететін ешкім жоқ. Бірақ сондай тартқым келеді.
– Не істеу керегін айтайын ба?
– Айтыңызшы, аға, айтыңызшы!
– Айтсам былай.Тек бәрін мүлтіксіз орындайсың.
– Орындаймын, аға, орындаймын.
– Так, түнде үйдің ішіне емес, далаға жатасың. Кішкене бір көрпеше төсе де, жастығыңды сал. Бас жағыңа домбыраңды және бір таба нан мен бір тостаған сүт қой. Сөйт те, тас болып ұйықта! Таңертең оянғаныңда күйші болып тұрасың. Домбыраны құйқылжытып тартасың.
– Шын ба, аға, домбыраны бірден тартам ба? Тартып кетем ба? Бірден үйреніп кетем ба?
– Әрине үйренесің. Бірден тартып кетесің.Тоқтаусыз тартасың. Жүресің ба сол, әркімге үй¬ретші деп жалынып.
– Ой-б-а-ай, күшті ғой бұл. Сөйтем онда. Дәл сөйтем. Домбыра үйренсем болды.
– Үйренесің, Дәукенжан, үйренесің, тек мұны ешкімге, әсіресе әке-шешеңе айтып қойып жүрме. Олар ұйықтаған кезде білдірмей істеуің керек. Әйтпесе, үйрене алмайсың. Домбырашылық қон¬байды саған. Қой, енді мен кетейін. Жаңағының бәрін бұлжытпай орында!
Бала мақпал түнді асыға күтті. Одан үйдегілердің ұйықтауын күтті. Барлығы түгел қорылға басқан кезде орнынан жәйлап тұрып сыртқа беттеді. "Зу-зудың" айтқандарын айна-қатесіз істеді. Сосын қуанып жатып, қиялдап жатып бір уақытта ұйықтап кетті.
Таңертең апасының «тық-тық» еткізіп самаурынға отын бұтаған дыбысынан оянды. Ұшып түрегеліп, домбырасына жармасты. Пернелерін басып, жылдамдата қағып-қағып жіберді. «Дың-дың».Тағы екі-үш рет қақты. «Дың-дың-дың». Ешқандай өзгеріс жоқ сияқты. Енді өзінің шамалап үйренген әнін тартып көрейін деді. Бірден күмбірлетіп жіберетін шығармын деп ойлаған. Сөйтсе... Әй-й-й... қайдағы күмбірлеген. Сол бұрынғы «дың-дыңнан» басқа ештеңе жоқ. Қайта әлгі үйренгенін де ұмытып қалыпты. Сосын басқа бір өлеңді көрейін, мүмкін соны құйқылжытармын деген оймен «Әрқашан күн сөнбесінді» бастады. «Дың-дың-дың-дың-ды-ы-ың». «Анаға сәлем», онан соң «Ұстазыма». Бәрібір ештеңе жоқ. Сол баяғы әнге ұқсамайтын үйреншікті бір сарынды дыбыс. Сонда қалай болғаны? Бәрін істедім ғой. Нанды қойдым, сүтті қо-о-ой-й... Әй, мынаусы несі, сүт қайда? Өлә, нан да жоқ. Түнде бәрін өз қолымен реттеп қойып еді ғой. Әуелі домбырасын басына жақын қойды. Сосын сүт пен нанды орналас¬тырды. Енді екеуі де жоқ. Тостаған бос, бір жағына қисайып жатыр. Бұған не болған сонда? Түк түсінбей алақтап жан-жағына қарады. Енді көрді, анадай жерде, алдыңғы екі аяғының арасына тұмсығын тығып, бірдеңені бүлдірген кездегідей бұған жымысқылана қарап Ақтөс жатыр. Е-е.. түсінікті  болды. Ызасы кеп кетті. Өн бойын ашу қысты. Ұшып түрегелді де тостағанмен Ақтөсті жіберіп ұрды. «Маңқ» ете қалған ит құйрығын бұтына қысып алып зыта жөнелді. Осы кезде:
– Балам-ау, оның не, итте нең бар. Сен өзі немене, далада ұйықтағансың ба? – деп қасына апасы келді.
– Иә.
– Итті неге ұрасың, домбыраңды басып кетті ме?
– Жоқ. Нанды жеп, сүтті ішіп қойыпты. Сонан мен домбыраны үйрене алмай қалдым. Ал «Зу-зу» аға таңертең тұрғанда бірден тартып кетесің, тоқтамай тартасың, күйші боласың деген.
– Балам-ау, не деп кеттің? Наны несі, сүті несі? Сен өзі ауырып қалғаннан саусың ба? Далаға бір өзің неге жатасың? Шошып кетсең, қайтесің? Түнде елегізіп пе едің?
Апасы байғұс шыр-шыр етіп сұрақтың астына алғасын, оны аяп кеткен Дәуірхан болған жайдың бәрін іркілместен айтып салды.
– Ой, антұрған, боғымен жасты баламен ойнап. Өйстіп те ойнауға бола ма екен. Кіп-кішкентай баланы соншама алдағаны несі? Ой, оңбай кеткір. Суқаным сүймейді өзін. Сып-сып етіп.
Шешесі күйіп-пісті.
– Апа, - деді бұл таңғалып.
– Апа, сонда «Зу-зу» аға мені алдаған ба? Өтірік айтқан ба?
– Әрине алдаған, өтірік айтқан. Олай істегенмен, домбыраны бірден тартып кетпейсің, балам. Тез бола қоятын оңай дүние емес ол. Бірте-бірте үйренесің ғой. Сен асықпа. Ешкімнің сөзіне ерме. Өнер деген үлкен еңбекпен келеді. Сабақтан  қолың босаған кезде жәйлап жаттыға бер. Бірақ есіңде болсын, домбырашылық кез келген адамға қона бермейді. Ал сенің талабың жақсы. Кім біледі енді. Көрерсің...
Мұның апасы ақылды ғой. Айтса-айтқандай, домбырашылық жұрттың бәріне бірдей қонбайды екен. Бұл сонан кейін де біраз әуреленді. Бірақ, бәрібір күмбірлетіп кете алмады. Сосын «тыңқылдатуды» бірте-бірте азайтып, ақыраяғында аспабын мүлдем ұстамайтын болды. Қуанышпен «табысқан» қоңыр домбыраға біртүрлі көңілі қалғандай.
Сонан бері де талай күз келіп, талай көктем шықты. Бір кездегі жастық жігері жалындаған, ананы да білсем, мынаны да үйренсем деп шарқ ұрған бала, бозбала бүгінде басын бозқырау шалған жігіт ағасы болған. Бойындағы өнерге деген, өлеңге деген қабілет пен құштарлық бүгінде жәй, жоқ жәй емес, бұның есін алып, мазасын қашыратын алапат аңсауға айналған. Тіпті сол аңсауы да, қалауы да ештеңе емес-ау, кей-кейде көңілін толқытып, жүрегін жаулаған, көкейін тесіп, ішіне сыймаған сырлары мен сезімдерін, қуанышы мен өкінішін сыртқа шығара алмай қиналатынын айтсайшы. Бұл-бұл ма, кейде жүрегінің бірнәрсе жетпейтіндей боп қоңылтақсып, жүдеп тұратыны бар. Сондай жүдеп-жадаған, жаны жабырқаған сәттерде бұл өнері бар адамдарға қатты қызығады-ай. «Ең болмаса, бір өнерді өлтірмей аман алып қалғанымда ғой» деп ойлайды сонда. «Мына кеудемдегі тұнып тұрған сырды ағыл-тегіл ақтарар едім, миыма дамыл бермеген пікірді жайып салар едім, жүрегіме жетпей жүрген «жоқты» табар едім». Расында, қалам ұстағандар – жазып, суретшілер – бейнелеп, әншілер – шырқап, сазгерлер – әуен шығарып, домбырашылар – күй тартып, әртістер – ойын көрсетіп, бишілер мың бұралған қимылдарымен сұлу өрнек салып әсерлері мен сезімдерін, арман-мақсаттарын, ой-пайымдарын, жан толқыныстарын жеткізеді емес пе?!
Ал, бұл ше? Бұл не істемек? Не істесін, мұныкі тек аңсау, қалау, қиналу, қызығу, сезу мен сезіну, сосын өзін-өзі жұбату. Басқа амалы жоқ. Ешбір амалы жоқ. Өйткені – ішінде бір өнер өліп кеткен. Сөз жоқ, өліп кеткен!
Несібелі РАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ӘДЕБИЕТ 03 қаңтар 2018 г. 517 0